405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында 198 адам үй карантинінде жатыр

  • 379
  • UPD: 20:41, 28.03.2020

Сырттан келіп, медициналық бақылауға алынғандардың саны 51, деп хабарлайды «Хабар 24»

Бірақ олардан инфекция анықталған жоқ. Сосын Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан тұмау белгісімен келген тағы 16 азаматтан сынама алынған, әйтеуір олар да індет жұқтырмаған болып шықты. 

Түркістан облысының аумағында 35 бақылау-өткізу бекеті бар. Онда тәртіп сақшылары мен облыстық дезинфекция орталығының қызметкерлері тәулік бойы күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Бүгінге дейін бұл бекеттерде мамандар облыс аумағына кірген 19 мың көлікті тоқтатып, арнайы құрылғының көмегімен 45 мыңнан аса жолаушының дене қызуын тексерген.

Ұлықбек Мылтықов, облыстық ПД жергілікті полиция қызметінің басшысы:

– Біріншіден, мына блок постқа жан-жақтан келіп жатқан көрші қала, аудандардан кірген автокөліктегі жолаушылардың бәрін тексеріп, оларда дене қызуы бар ма, жоқ па, бар болған жағдайда оларды дер кезінде тоқтатып, осы Түркістан облысына кіргізбей, госпитальге жібереміз. Қазіргі кезде ондай деректер жоқ.

Облыста коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастар жататын 150 стационарлық төсек-орын дайындалған. Одан бөлек, 470 орындық прови-зорлық госпиталь бар. Ал науқаспен байланыста болғандарды оқшаулау үшін 955 карантиндік төсек-орын ашылған. Жалпы бүгінде облыс бойынша 198 адам үй карантинінде жатыр. 20 наурыз күні Нұрсұлтан-Жетісай бағытындағы жолаушылар автобусымен келгендердің барлығы 14 күнге карантинге жатқызылды. Осындай қиын кезде індетпен күресуге ақсақалдар да өз үлесін қосуда. Өткен жылдан бері олар шахардан әлеуметтік дүкен ашып, мұқтаж жандарды тегін азық-түлікпен қамтып келеді. Енді кәсіпкерлерді ұйымдастырып, 2 тонна өнімді 16 аз қамтылған отбасына таратып берді. 

Жәмила Санжарқызы, Батыр ана:

– Менің 11 балам бар. Әлеуметтік көмекке келіп тұрмыз. Күріш, ұн, макарон май беріп жатыр. Рақмет. Енді киім береміз деп жатыр.

Жарылқасын Әзіретбергенов, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы:

– 5 келі ұн, 5 келі күріш, 54 келі вермишель, 5 литр май, 3 кг құмшекер береміз. Одан кейін балаларын киіндіреміз. Бір жыл болды осылай етіп біз 500-дей адамды қамтамасыз етіп отырмыз.

Сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлер көшеде бетпердесіз жүрген мыңнан аса тұрғынға тегін маска таратты. «Тұрмысы төмен, жетім-жесірлерге көмек көрсетіп, қол ұшын созу – адамгершіліктің белгісі», – дейді олар.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы