412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентте халық көп жиналатын жерлер жабылды

  • 379
  • UPD: 22:08, 28.03.2020

Шымкентте бүгіннен бастап қосымша шектеу шаралары енгізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаһарда халық көп жиналатын жерлер жабылды. Әуежай, теміржол вокзалы мен сапаржай да жұмысын тоқтатты. Қала аумағына кешкі сағат 9-дан таңғы 7-ге дейін көлік те, адам да кірмейді. Шығуға да болмайды. Бұл шектеудің тек транзиттік және азық-түлік тасымалдайтын көліктерге қатысы жоқ.

Санитарлық бекеттердің жұмысы тәулік бойы жалғасады. Қалаға кірген көліктер тоқтатылып, дәрігерлер жүргізушіден бастап жолаушылардың дене қызуын өлшейді. Ал жол тәртібін полиция қызметкерлері қадағалайды. Қала әкімі бекеттегі мамандарға алғысын білдіріп, жұмысты одан әрі ширатуды тапсырды.

Коронавирус жұқпалы дертінің одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында Шымкенттегі Абай ауданына қарасты «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын үй алабында сақтық шаралары күшейтілді. Себебі бұл елді мекенде тұратын қаланың екі тұрғыны  індетті жұқтырған еді. Мұнда арнайы бақылау бекеті орнатылып, профилактикалық шаралар күшейтілген. Мұны да шаһар басшысы Мұрат Әйтенов өз көзімен көрді. Полиция қызметкерлеріне карантинге құлақ аспағандарға заң аясында тәртіптік шара қолдануды шегелеп тапсырды.  

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:

– Өзін-өзі сыйламайтын, өзінің денсаулығына қарамайтын не деген азамат?

Шымкентте азық-түлік қоры жеткілікті. Нан бағасы қымбаттамайды. Бұл туралы бүгін қала әкімінің орынбасары Махсұт Исахов баспасөз жиынында мәлімдеді. Арзандатылған бағамен наубайханаларға ұн таратылады. Сондықтан нан бағасы 75 теңгеден аспайды. Ал тауардың 36 түрі бойынша қор жеткілікті. Сондықтан тұрғындарға азық-түлік таусылып қалады деп, дүрбелең туғызудың қажеті жоқ деді әкімдіктегілер.

Махсұт Исахов, қала әкімінің орынбасары:

– Тұрақтандыру қорымызда 2 млрд 200 млн ақшамыз бар. Оның 900 млн біз «ГраМад» компаниясымен келісіп соларға бердік. Біз олармен 111 тауар  түріне келісімшартқа отырдық. Біз осындай жолмен жұмыс істеуге басқа да кәсіпкерлерді шақырамыз. Бірақ олар бізге кепілдік бере алмай отыр. Кепілдік беретін кәсіпкерлер болса, біз олармен жұмыс істеуге дайынбыз.

Қаладағы барлық жерде тұрғындар медициналық бетпердемен жүру міндетті.  Шаһарда санитарлық және дезинфекциялық шаралар күшейтіледі. Ал қоғамдық көліктердің  жұмысы сағат таңғы 6-дан кешкі 21:00 ге дейін шектеледі.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

 

 

 

 

 

 

 

Хабар 24 телеарнасы