411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Петропавлдықтар дәрігерлерге көмектесіп жатыр

  • 222
  • UPD: 08:40, 29.03.2020

Қаладағы мейрамхана иелері ақ халатты абзал жандарға күн сайын түскі ас әзірлеп апарып береді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері мейірбикелерге арнайы киім әперіп, бетперде тіге бастады.

Николай Алецкий бас аспаз болып жұмыс істейді. Бүгін ол дәрігерлерге тамақ пісіріп берді. Тегін. Қаладағы мейрамхана иелері осындай бастама көтерді.

Сайран Хамзин, облыстық мейрамхана мен қонақ үйлер қауымдастығының төрағасы:

- Дәрігер мен медбикенің қадірін енді түсіндік. Сондықтан біз оларға қол ұшын созамыз деп шештік. Бұл бастаманы көптеген кәсіпкерлер қолдап, үн қосты.

Түскі ас жедел жәрдем қызметіне дайындалған. Ауырып қалған адамдарға алып-ұшып баратын мамандар дән риза. Бұл жолы алғашқы көмек оларға келді.

Әсел Тоққожина, жедел жәрдем бригадасының фельдшері:

- Туындап жатқан жағдайда бәріміз бірлесіп, бір-бірімізге көмек көрсетіп, жұмыс атқарсақ, мемлекетіміздегі жағдай жақсарады деп ойлаймыз.

Дәрігерлер үшін сын сағаты туды. Бұл – Петропавлдағы уақытша госпиталь. А-1, Б-1 санатына жататын елдерден келгендер осында қаралады. Қазір 36 адам карантинде. Мамандар 8 сағат сайын ауысып жұмыс істейді. Елдің көмегі оларға да тиді. 

Ботагөз Сүлейменова, қалалық №1 ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:

- Бәрі бар. Бізде костюмдер де бар. Жарты сағат өтпей, 25 осындай костюм алып келді. Шын жүректен риза болдық.

Бұл - іскер әйелдер қауымдастығының бастамасы. Олар ақ халатты абзал жандарға 25 арнайы киім әкеліп берді. Енді бетперде тігуге кіріспек. 

Алла Писаренко, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы:

– Енді ертеңнен бастап бетперделар тігуді жоспарлап отырмыз. Оны жағдайы жоқ немесе үйден шыға алмайтын адамдарға тегін таратамыз. Бұл жұмысқа волонтерлер тартылады.

Шынымен де қазір дәрігерлердің жұмысы аса қауырт. Сіз бен біз үйде отырмыз. Ал олар көмекке әрдайым келуге дайын.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы