429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да көпбалалы аналарды қолдау бойынша Күршім ауданы көш бастап тұр

  • 379
  • UPD: 10:18, 29.03.2020

Өткен жылы әлеуеті әлжауаз отбасыларға жалпы сомасы 61 миллион теңгенің 128 қайтарымсыз гранты берілген.

Осы демеу қаржыға ие болған көп балалы аналар қазір өз істерін жолға қойып үлгерді. Тігін цехын іске қосып, массаж бөлмесін ашты. Енді бірқатары құс асырап, мал басын өсіріп жатыр.

Күршімде соңғы бір-екі жылда халықты жұмысқа орналастыру оң шешімін тауып келеді. Бұрын тек мал өсіріп, оның өнімін өткізетін. Ал былтырдан бері қызмет көрсету саласында өз кәсібін ашатындар көбейді. Жеті баланың анасы Айнұр Адаспаева өткен жылы мемлекеттен 505 мың теңге грант алып, массаж бөлмесін ашқан. Негізгі мамандығы дәрігер-Айнұр үшін бұл жұмысты бастау оңай болды. Тек ертерек қолға алуға қаржы қолбайлау еткен. 

Айнұр Адаспаева, көпбалалы ана:

- Халық массаж сұрған соң мен өзім ашып отырмын. Жастар да ашуға болады. Қыстай осы жұмыс біздікі. Бала-шағамды асырап отырмын.

Мадина Қазыбекова да мемлекеттік жобаның нәтижесін көрді. «Бастау-бизнес» бағдарламасы бойынша арнайы тағылымдамадан өтіп, ол да 505 мың теңге грантқа ие болды. Шағын тігін цехын ашып, қазір ауылдастарының тапсырысын орындап отыр. Сәнді көйлектен бастап әскерилер мен құзырлы орган қызметкерлерінің формасын да тігеді. Шағын цехта өзі ғана жұмыс істейді. Енді осы кәсібін кеңейтіп, тағы бірнеше тігінші алуды жоспарлап отыр. Осылайша аудандағы оқушылар мен мұғалімдерге мектеп формасын тікпек.

Мадина Қазыбекова, жас кәсіпкер:

- Мұғалімдер өздері форма тіккізгілері келеді. Бір мектеп тапсырыс берді. Енді тағы да мектептерден алғым келеді. Сол үшін қасыма адам іздеп жүрмін.

Аудан әкімдігі былтырдан бері бизнес бастағысы келетіндерді оқытуда осындай нақты істерге бағыттап келеді. Былтыр мемлектен 59 көпбалылы отбасына грант берілсе, олардың жұмысы жүріп кетуі үшін осы салаға жауапты мамандар үнемі қолдау көрсетеді.

Роллан Нұрланұлы, Күршім аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

- Жалпы азаматтардың қай елді мекеннен келді, кәсіппен айналысқанда тұтынушылары қалай, соның бәрін зерттеп зерделейміз.

Күршім шекаралық аудан болғандықтан, биыл оны дамытуың жан-жақты бағдарламасы қабылданды. Ол бойынша осы жылы облыстық және республикалық бюджеттен 57 миллиард теңге бөлінбек. Бұл қаржының бір бөлігі аудандағы шағын бизнесті дамытуға жұмсалады.

Авторлары: Олжас Керейхан, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы