411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында тұрмыстық табысты жақсартуға бағытталған жобаның жауапты кезеңі басталды

  • 152
  • UPD: 11:08, 29.03.2020

Жамбыл облысында тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталған тың жобаның жауапты кезеңі басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әулиеаталық жұрт қазір жер жыртып, көктемгі дала жұмыстарына қызу кіріскен. Пилоттық жоба аясында 11 ауылдық округте аула іргесі мен ауыл сыртындағы 20 мың гектарға жуық жерді тиімді пайдалану көзделіп отыр. Қазір кейбір тұрғындар несиеге алған малдарын төлдетіп, алғашқы пайдасын да көре бастады.

Сахид Юсупов ауласындағы 14 соттық жерін жыртып жатыр. Ол жоба басталғанда жергілікті жерде құрылған кооперативке мүше болып кірген еді. Қазір сол ұжым көктемгі дала жұмыстарына техникамен жәрдем беруде. Ауыл тұрғыны биыл картоп, қызанақ пен қияр егем деп отыр. 

Сахид Юсупов, Бесағаш ауылының тұрғыны:

– Жылда жер айдатқызатынбыз. Кооперативке рақмет. 4 мыңнан айдап жатыр. Ұрығын берем деп отыр. Одан артық не керек? Тегін бере ме? Мен бір қап егіп, үш қап алатын болсам, бір қабы кооперативке кетеді. Екі қап маған қалады.

Пилоттық жоба аясында құрылған кооперативтер үшін қазір өте жауапты кезең. Мәселен, Бесағаш ауылдық округі бойынша кооператив жұмыс істеп жатыр. Ұжым базасы биыл қаңтар айында ауыл шаруашылығына қажетті су жаңа техникалармен толықтырылған. Бүгінгі күнге дейін 50-ге жуық адамның ауласындағы жерді жыртып, шетінен тұқым тарата бастады. 

Қадіржан Дөненбаев, кооператив директоры:

– Ауылдың сыртында 140 гектар айдап қойдық. 90 гектардай жерге арпа егіліп қойды. Енді жоңышқа мен жүгері егумен айналысамыз. Қалған арпа егуді толық бітіреміз.

Жобаға қатысып, мал ұстап отырғандар да көбейді. Түркісіб ауылының тұрғыны Ырысбек Иманалиев 5 миллион теңге жеңілдетілген несиеге 5 жылқы және 5 буаз сиыр сатып алған. Қазір төлдетіп, еті мен сүтін сатып кәсібін дөңгелетіп отыр. 

Рысбек Иманалиев, Түрксіб ауылының тұрғыны:

– Бір жылдан кейін төлейміз. Ол өте ыңғайлы. Оған дейін мал да өсіп қалады. Сүтін жібереміз. Етті еттей жіберіп жатырмыз. Жаман емес.

Жалпы жоба өңір бойынша 10 аудандағы 11 ауылдық округте жүзеге асырылып жатыр. Республикалық бюджеттен 7,2 миллиард теңге бөлініп, жұртқа бұрын соңды болмаған 2,5 процент жеңілдікпен несие берілді. Оның 6 миллиардтан астам теңгесіне 42 мыңдай мал мен құс сатып алынды. Кооперативтер құрылып, 200-ге жуық ауыл шаруашылығына қажетті техникалармен қамтамасыз етілді.

Ерлан Құлкеев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Қосымша тағы да 11 млрд-тан астам қаражат бөлу ұсынылды. Үкімет тарапынан қолдап, келісім берілді. Ол ақшаны осы шарттармен төмен пайыздық несиелендірумен әр ауданнан екі ауылдық округ тағы қосымша іске қосылады. 

Жоба ауқымы ұлғаяды. Нәтижесінде 65 мың адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр. Халық мүмкіндікті тиімді пайдаланса, облыс тұрғындарының табысы артып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері де ілгерілейді.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы