411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арысты оқ-дәріден тазарту жұмыстары жанданды

  • 188
Арысты оқ-дәріден тазарту жұмыстары жанданды

Көктем шыға Арыс маңындағы оқ-дәрілердің бөлшектерін іздеу жұмыстары жанданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арнайы әскери құрама, жедел саперлік және іздеу топтары қала маңындағы ой-шұңқырларды жіті тексеріп, тазалауға кіріскен. Әсіресе ауылшаруашылық мақсатта қолданылатын өзен арнасы мен егіс алқаптарын тазартуға баса назар аударылған. Оқ-дәрілер жарықшақтарын іздеу барысында қауіпсіздік шаралары да күшейтілді. Айта кететіні, бүгінде Арыстағы әскери қалашық толық қалпына келтірілген. Он шақты тұрғын үй, әкімшілік-казармалық және техникалық аймақтың ғимараттары іске қосылды. Сыртқы қоршау, су құбырының сыртқы желілері қайта салынып, электр желілері ауыстырылды. Коронавирустың таралмауын алдын алу үшін мұнда да сақтық шаралары қолға алынған. Әскерилердің жай-күйі төрт бірдей медициналық бекетте бақыланады.

Әділхан Нұғыманұлы, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының аға офицері:

- Төтенше жағдайды жоюға байланысты жұмыстар қыс мезгілінде де тоқтамаған. Ауа райына байланысты кейбір шектеулер ғана болған. Жарылыс орнынан 20 шақырым радиустар жұмыс тікелей жүргізіледі. Барлық қауіпсіздік шаралары сақталуда. Қоршаулар қойылып, мобильді топтар жұмыс істеуде.

Хабар 24 телеарнасы