399,51 448,90 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ертіс өңірінің қариялары денсаулығы сыр берген замандастарын емдеп жүр

  • 200
  • UPD: 15:51, 29.03.2020

Волонтёрлік жасқа қарамайды. Бұл қағиданың бос сөз емес екенін Ертіс өңірінің қариялары дәлелдей білді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде аға буын өкілдері денсаулықтарын оңалту мақсатында шағын клуб ашып, қатарластарына көмек қолын созуда. Бүгінде емдік жаттығуларға арналған спорт клубының 30-ға жуық мүшесі бар.

Жасы жетпіске тақаған Темірболат Нұрмұханов осы спорт клубын бір жыл бұрын ашқан. Құрметті демалысқа шыққан сәтте қоғамға пайдасын тигізуді ойлайды. Ардагер спортшы бірнеше айлық зейнетақысын жинап, көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесін жабдықтапты. Басты мақсаты – басы ауырып, балтыры сыздаған жандарға көмек көрсету.

Темірболат Нұрмұханов, қоғамдық бірлестік мүшесі:

– Жасы келген кісілердің буындары, аяқтары ауырады. Соларды ақырын емдейміз. Біздің есігіміз ашық. Кім келеді, бәрін аламыз.

Бүгінде мұнда жаттығуға тұрақты келетін 30-ға жуық азамат бар. Солардың бірі – халықаралық дәрежедегі спорт шебері Олжас Мутынов. Ардагер самбошы иығын ауыртып алған соң, денсаулығын оңалтуға осында келіпті. Осы жылдың қазан айында Голландияда өтетін халықаралық жарысқа дайындығын жалғастырмақ.

Олжас Мутынов, ардагер спортшы:

– Үйде жаттығамыз, әрине. Сосын жер кепкеннен кейін велосипед тебеміз. Бір отбасыға келгендей боласың. Неге десеңіздер, барлығының біріне-бірі қарым-қатынастары жақсы.

Әлемді шарлаған коронавирустық инфекция спортшы ардагерлердің жоспарларына да өзгеріс енгізді. Сақтық шарасы ретінде спорт залы уақытша жабылды. Десе де, қарттар жаттығуларын таза ауада жалғастырмақ.

Біз бір жыл ішінде тату отбасыға айналып кеттік, дейді олар. Игі дәстүр бойынша бір-бірімен сыйласып, достасып кеткен.

Ғалия Қасқабасова, зейнеткер:

– Клубқа бір жыл бұрын келдім. Демікпем болатын. Жүрегім де сыр берген еді. Емдік жаттығумен айналысқан соң, денсаулығым жақсарды.

Спорт клубына зағип жандар да келеді. Олар түрлі шараларды ұйымдастырып, көмек қолын созуға дайын.

Балкен Ибраева, зағип жандар қоғамының мүшесі:

– Зағип жандардың қатарына қосылғаннан кейін де өмір тоқтап қалмайды. Сондықтан біз спортқа, мәдени шараларға қатысып тұрамыз. Және басқа мүгедектерді соған шақырамыз.

Облыста «Күміс волонёрлер» атты жаңа қозғалыс пайда болды. Аға буын өкілдері жастардан қалмай, қайырымды істердің басында болуды мақсат етуде.

Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы