413,12 452,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тұрғындардың жеке куәлігін алып жүргені дұрыс – мамандар

  • 219
  • UPD: 17:57, 29.03.2020
Тұрғындардың жеке куәлігін алып жүргені дұрыс – мамандар

6 сәуірде Маңғыстау облысының орта білім беру мекемелері қашықтан оқытуға көшеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ ертеңнен бастап облыс тұрғындарының кешкі уақытта көшеде бейсауат жүруіне шектеу қойылады. Тәртіпке бағынбағандар әкімшілік жауапқа тартылады.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Кезекті брифингте айтылған ақпардың дені ертеңге күннен, яғни 30 наурыздан бастап Маңғыстау облысында енгізілетін шектеулерді қамтыды. Мамандар тұрғындарға көшеге шығатын кезде міндетті түрде куәлігін алып жүруге кеңес береді. Кісі көп баратын азық-түлік дүкені, базарлар мен дәріханаларда алмағайып коронавирус жұқтырған адам анықталса, ол жер дереу карантинге жабылады. Ішінде болғандардың денсаулығы тексеріледі. «Осыған орай азаматтың жеке басын куәландыратын құжаттың болғаны дұрыс», - дейді мамандар.

Әсима ЖАрылғасова, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы:

Кез келген уақытта күтпеген жағдай болып қалуы мүмкін. Мәселен, облыс тұрғыны азық-түлік не дәрі алу үшін супермаркетке барды делік. Ол жерде вирустық инфекция жұқтырған науқас анықталса, ішіндегі барлық адамдар шұғыл түрде қоғамнан оқшауланады. Бұл ретте кісінің жеке басын анықтауға көп уақыт кетеді. Сондай-ақ ертеңнен бастап облыс бойынша енгізілетін шектеу шараларын түсіністікпен қабылдауға шақырамыз. Қауіпті індетті көпшілік болып жұмылып, жеңіп шығарымызға сенеміз.

27 наурызда Маңғыстау облысында коронавирус жұқтырған бір адам тіркелді. Қазір ол жұқпалы аурулар бөлімшесінде жатыр. Науқастың жағдайы бірқалыпты. Оған жақын жерде отырған 12 адам обсервациялық госпитальға карантинге алынды. Ол жерге әлгі азаматпен бірге Түркиядан таңғы рейспен ұшып келген жолаушылар мен экипаж мүшелері де жеткізілді.

Талғат Исламұлы, тілші:

Барлығынан қан алынып, құрамы зертханада тексерілді. Шыққан нәтиже теріс болған соң үйлеріне жіберілді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы