418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да Жәнібек және Бөкей Ордасы аудандарына апарар жолдың құрылысы қарқын алып келеді

  • 465
  • UPD: 09:41, 30.03.2020

Батыс Қазақстан облысының Жәнібек және Бөкей Ордасы  аудандарына апарар жол құрылысы былтыр басталған болатын, деп хабарлайды «Хабар 24»

Алайда 3 жылға есептелген құрылыстың алғашқы жылында 3 шақырымға ғана асфальт төселіпті. Тұсауы кесілсе де, тәй-тәй баса қоймаған жобаға биыл жан бітті. Көктемнің ерте шығуына байланысты қазір қара жолда құрылыс қарқын алып келеді.

«Жол азабын жүрген білер». Оралдан 500 шақырымдағы жәнібектіктер жол тауқыметін тартып келеді. Көліктер көктем-күзде батпаққа батып, жолаушылар далаға талай түнеген. 

Мәлік Дәулетов, жүргізуші:

– 35 жыл шопырмын ғой, рөлде келе жатырмын. Бұрын енді 24 сағат жүрген уақыттарымыз болды. Қазір бір күнде барып, бір күнде қайтатын уақытқа жетіп келе жатырмыз ғой. Жол салынса кәсіпкерлерге де оңай болар еді.

Қазталовтан Жәнібекке және Сайқынға дейінгі жолдың ұзындығы 250 шақырым. Осы аралықты жөндеу былтыр басталған еді. Былтыр тек 3 шақырымға асфальт төселсе, биыл 100 шақырымға жол салу жоспарланған. Қаладан алыс болғандықтан қиыршық тас пен құм тасуда теміржолдың мүмкіндіктері пайдаланылуда. Ол үшін Ресей теміржолы басшылығымен келіссөздер жүргізіліпті.

Қадырбек Бақтыбаев, учаске бастығы:

– 3 түрлі қиыршық тастан 30 мың тоннадай әкеліп түсірдік. Асфальт төсеу бірінші асфальт-бетон зауытын құрып аламыз. Осы жылы басталады, осы жаз ортасында ғой.

Қазір құрылыс қарқын алып келеді. Құрылыс материалдарының сапасы мен жолды күтіп-ұстау жайы қатаң қадағалауда. 

Нұрсұлтан Нұрмұхамедов, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК БҚОФ инженері:

– Құрылыс материалынан 26 сынама алдық. Соның ішінде 2-уі, бірі құм, екіншісі қиыршық тас тиісті талаптарға сай келмеді. Нәтижесін тапсырыс берушіге хабарладық. Енді жарамсыз материалдар ауыстырылуы тиіс. Ал жолды күтіп ұстауға келсек, мердігерлер жолды уақтылы қырып тегістемейді.

Жол құрылысының мультипликативтік әсері де орасан. Барыс-келісті жақсартуға қоса, алыс аудан экономикасына тың серпін бермек. Жұмыс орындары ашылмақ. Бір ғана Жәнібек ауданында құрылыс кезінде 300-дей адам жұмыспен қамтылмақ. Қазір 50-дей тұрғын екі қолға бір күрек тауыпты.

Бекежан Нығметов, Өнеге ауылының тұрғыны:

– Жұмысқа бүгіннен бастап шығып жатырмын. Ауылға жол келіп, жұмыс табылып ауыл адамдарын жұмысқа алып жатыр. Тағы жұмыс көзі ашылады деп жатыр ғой. Жақсы болып жатыр.

Жол салынған соң, Ресейден келетін транзиттік көлік тасқыны күрт көбейеді деген болжам бар. Себебі аталған бағыт Еділ бойына, одан әрі Еуропаға шығатын ең төте жол саналады. Нәтижесінде жол бойындағы қызмет көрсету саласы дамымақ. Қазталовтық кәсіпкер Мәншүк Балдақова жол бойындағы кафе мен қонақүйді осы оймен салғанын айтады.

Мәншүк Балдақова, кәсіпкер:

– Көбейеді келешекте. Өзіміздің де алда болашақта қосатын ойларымыз бар. Үлкейткіміз келеді. Күніне шамамен 100 келеді. Келіп жатыр ғой «Камаздар», тасып жатыр үлкен машиналар.

Аталған аудандарға жол салуға республика бюджетінен әзірге 2 млрд жарым теңге бөлініпті. Мамандардың айтуынша, қосымша қаржы таяу уақытта қаралмақ.

Авторлары: Ерденбек  Жылқайдарұлы, Болат Жарылғасов

 

Хабар 24 телеарнасы