411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Америкалық қазақстандықтарға коронавирусты қалай жеңуге болатынын айтып берді

  • 323
  • UPD: 11:54, 30.03.2020

Коронавирустың таралу ошағына айналған Нью-Йорк қаласының ауруханаларында орын жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді вирус жұқтырғандардың дені дәрігерлердің берген кеңестерін орындап, үйлерінде отыр. Осындай жандардың бірі Марисса Котэмен біздің тілшілер байланысып, «Ковид-19-ды» қалай жеңгендігін білді. Нью-Йорк қаласының тұрғыны қазақстандықтарға өзінің кеңесін де берді.

Марисса Котэ, Нью-Йорк қаласының тұрғыны:

– Мен аурудың белгілерін наурыздың 21-де сезе бастадым. Дене қызуым көтеріліп, басым қатты ауырды. Менің 5 айлық қызым бар. Жалпы тест тапсырғаннан кейін COVID-19 жұқтырғаным расталды. Төбемнен жай түскендей болды. Өйткені, індетке тән белгілер, яғни, жөтел, тыныс алудың қиындауы мүлдем байқалмады.

Қазір Марисса өзінің толығымен сауыққанына көз жеткізу үшін үйде отыр. Оның болжамы бойынша коронавирусты Нью-Йорктың маңындағы Уэстчестер округына барғанда жұқтырған. Марисса мұндағы жергілікті шіркеуде бір аптада бірнеше рет концерт береді екен. Айта кету керек, округ індет таралған ошақтардың біріне айналған.

Марисса Котэ, Нью-Йорк қаласының тұрғыны:

– Қазір ағзамда коронавирустың бар екенін білдіретін жалғыз белгі қалды. Ол иіс пен дәм сезу қабілетінен айырылу. Бірақ, дәрігер бұл бірнеше күннен немесе аптадан кейін қайта қалпына келетіндігін айтты. Қазір әлемде COVID-19-ға қарсы ешқандай дәрі жоқ. Бірақ, босаңсуға болмайды. Әрдайым көтеріңкі көңіл күйде болу керек. Су, сорпа ішіп, дәрумендерді көбірек қабылдау қажет. Тағы қайталап айтамын, көтеріңкі көңіл күйде болыңыздар. Бұл өте маңызды.

Марисса дәрігерлердің берген кеңесі бойынша қарапайым тұмау кезіндегі дәрілерді қабылдап жатыр. Оның айтуы бойынша, үйде, әсіресе есіктің тұтқаларын, телефондарды, басқару пульттарын, асханадағы барлық заттарды зарарсыздандыру керек.

Авторлары: Майра Абдрахманова, Ренат Садыров

 

 

 

 

Хабар 24 телеарнасы