411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысы бойынша 40 тосқауыл бекетін орнату көзделіп отыр

  • 230
  • UPD: 23:59, 30.03.2020

Ақтөбе облысында карантин режимі енгізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді өңір аумағы мен облыс орталығына тек тамақ, дәрі-дәрмек пен өнеркәсіп және ауыл шаруашылығына қажетті тауар тасушылар ғана кіре алады. Азық-түлік дүкендері мен дәріханалардың жұмыс істеу уақыты қысқарды. Дегенмен қажет тауар мен дәрі-дәрмекті жеткізіп беруге күш салынады. Ал тұрғындар үйден себепсіз шықпауы тиіс.

Ауылдан қалаға сүт тасып сауда жасайтын Бибігүл Жолдығұлова енді ертеңнен бастап ісін тоқтата тұрмақ. Себебі ол жүретін жол бойында тосқауыл бекеті болады. Ал ондағы полиция қызметкерлерінің рұқсатсыз ешкімді жібермейтіні анық. Әрі саудагердің өзі бұл шараның қауіпсіздік үшін қолға алынғанын жақсы түсінеді. Бірақ қорадағы сауынды сиырлардан күніне алынатын 100 литр сүтті қайда сақтарын білмейді. Сондықтан да жергілікті әкімдікпен ақылдасып көрмек.

Бибігүл Жолдығұлова, саудагер:

– Сүт өнімдері уайымдатып отыр. Әкімшіліктен рұқсат сұрап көремін. Мүмкін анықтама керек шығар.

Жол бойындағы блок-бекеттер қауіпсіздік шараларын күшейтпек. Облыс бойынша 40 тосқауыл бекетін орнату көзделіп отыр. Көбі өңір аумағына кіретін республикалық және халықаралық маңыздағы тас жолдарда болмақ. Ал Ақтөбенің төңірегіне 12 бекет қойылған. Енді түннен бастап барлық көлік түрінің еркін қозғалуына шектеу қойылады.

Айдос Құлжанов, облыстық ПД жергілікті полиция қызметінің бөлімше басшысы:

– Шектеу Ақтөбе облысында қойып отырғандықтан, тек қала аумағында ғана қозғалыс жүргізілетін болады. Ал ауданнан келіп жатқан автокөліктерінің бәріне қалаға кіруге тыйым салынады. Сонымен қатар жүк автокөліктеріне ондай шектеу қойылмайды. Оның тек бағыты тіркелетін болады.

Көліктер мен адамдардың қозғалысына шектеулер қою қауіпті індеттің таралуына тосқауыл қоюдың бір бағыты дейді мамандар. Ал бүгінде 168 адам карантинге жатқызылған. Оның 26-і облыс аудандарындағы ауруханаларда болса, қалғаны Ақтөбедегі медицина мекемелерінде жатыр. Вирус жұқтырған екеудің денсаулығы бірқалыпты дейді дәрігерлер.

Әсет Қалиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Қажетті көлемде вирусқа қарсы симптоматикалық емдер кең көлемде жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда науқастардың жағдайларын дәрігерлер қанағаттанарлық деп бағалап отыр. Дене қызуы қалыпты. Қазіргі таңда өміріне қауіп төніп тұрған мәселелер жоқ.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

– Облыста енгізілген шектеу шаралары аясында мемлекеттік органдар мен меншік түріне қарамастан барлық ұйымға өз қызметкерлерін қашықтықтан жұмыс істеуге көшіру ұсынылды. Ал тұрғындарға себепсіз үйден шығуға болмайды. 65 жастан асқан азаматтарға оқшаулау тәртібін қатаң сақтау керектігі ескертіліп жатыр. Облыстың бас санитар дәрігері шығарған бұл қаулының қатаң орындалуын қадағалау ішкі істер органдарының қызметкерлеріне жүктелген.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы