414,13 452,15 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Пандемия АҚШ-тағы сайлау науқанын тығырыққа тіреді

  • 174
  • UPD: 10:11, 31.03.2020
Пандемия АҚШ-тағы сайлау науқанын тығырыққа тіреді

Экономика, саясат, спорт. Коронавирустың кесірі тимеген сала қалмады.

АҚШ-та індетті жұқтырғандардың саны рекордтық көрсеткішке жетіп, демократтар мен республикалықтардың сайлауалды науқандары жайына қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дағдарыс жыл соңына дейін аяқталмаса, президент кім болады? Бұл – батыстың бұқаралық ақпарат құралдарында қазір қызу талқыланып жатқан тақырыптың бірі.

Пандемия Құрама штаттардағы әдеттегі сайлау науқанын тығырыққа тіреді. Демократтардан сайлауға үміткер, бұрынғы вице-президент Джо Байден өз үйінің жертөлесінде сұхбат жазып, сол жерден бейнеүндеу жолдауға мәжбүр. Демократтар теледидар мен интернеттегі дәстүрлі жарнамадан толығымен бас тартты. Партияның шілде айына жоспарлаған сьезі өте ме, өтпей ме ол да белгісіз. Дегенмен, Джо Байден Трамптың коронавирусқа қарсы күресіне еш көңілі толмайтынын айтады.

Джо Байден, Демократиялық партиясынан АҚШ президенттігіне кандидат:

Америка халқы күшті әрі қатал. Біріншіден, біз ғалымдарды тыңдауымыз керек. Екіншіден, біз халыққа шындықты, таза шындықты айтуымыз керек. Сіз жасай алатын ең жаман нәрсе – ол күттіру. Осылайша, олар өз көшбасшысына деген сенімін жоғалтады. Сондықтан біз өзіміз білетін және ғалымдар білетін шындықты жеткізуіміз керек.

Ал, Ақ үй басшысы өткен аптада Республикалықтардың съезі тамыз айында өтетінін хабарлады. USA Today басылымы: «қазіргі президент пандемия үшін сайлауалды процесті тоқтата алмайды», деп жазады. «Конституция бойынша Дональд Трамптың өкілеттігі 2021 жылдың 20 қаңтарында аяқталады, одан артық билікте отыра алмайды. Егер ол заңды айналып өтетін амал тапса, онда Америка демократиясы коронавирустың ең үлкен құрбаны болады», деп жазады басылым.

Блиц:

Мен ешқандай жағдайда съезден бас тартпаймын. Менің ойымша, біз оған дейін де жақсы күйде боламыз.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Сайлауды электронды түрде өткізу мүмкін бе? Politico журналы бұған штаттардың дайын еместігін айтады. Ал, Reuters агенттігі пошта арқылы дауыс беру нұсқасын билік қызу талқылап жатқанын жазады. Бірақ онда да кедергі көп. Ауылда пошта баяу, егде жастағы адамдар сайлаудың жаңа жүйесін түсінбеуі мүмкін. Дегенмен, Америка халқы коронавирус қаупінен гөрі өз дауыстары ескерілмей қала ма деп қапалы.

Стивен Тернер, Огайо штатының сайлаушысы:

Мен өте қапалымын. Мен шын мәнінде дауыс бергім келді. Менің дауысымды еститініне сенімді болғым келеді. Және өз ұлыма дауыс беру өте маңызды екенін көрсеткім келеді.

Эйприл Фостер, Огайо штатының сайлаушысы:

- Менің ойымша, бұл қорқынышты, әсіресе, қазір бәрі қалай жүріп жатқанын ескерсек. Біз дауыс беру құқығына иеміз және оны ешкім де ештеңе де тартып ала алмайды. Менің ойымша, барлық қауіпсіздік шараларын ойластырып өткізуге болар еді.

Қалай дегенмен де, Америка халқы осы қиындықтар індетке қарсы шараларды қабылдауды жеделдете түседі деп үміттенеді. Естеріңізге сала кетейік, Америка Құрама Штаттарында 59-шы президент сайлауы биылғы жылдың 3 қарашасында өтуі тиіс.

Авторы: Гүлжан Марқабаева

Хабар 24 телеарнасы