422.97 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылордада карантин режимі жарияланды

  • 1264
  • UPD: 12:35, 31.03.2020

Қызылорда карантинге жабылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен бүгін түнгі сағат 00:00-ден бастап қалаға көліктердің кіруі мен шығуына тыйым салынады. 1 сәуірден бастап теміржол қатынасы да тоқтатылады. Қауіпті індет таралуының алдын алу мақсатындағы шаралар жөнінде Қамбар Бекенов тікелей қосылымда баяндайды.

Қамбар Бекенов, тілші:

- Қазіргі таңда өңірде COVID 19 жұқтырудың 8 дерегі тіркелді. 300-ден астам адам медициналық бақылаудан өткен. Негізгі таралу ошағы облыс орталығы болғандықтан, тек Қызылорда қаласы ғана карантинге жабылып отыр. Кеше облыс әкімі тұрғындарға үндеу жариялап, кеселге қатысты сақтық шаралар тізбегін ұсынды.

Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі:

- Қазір кез келген адам вирус жұқтыруы ықтимал. Ал қаулы ережесін бұзғандарға заң аясында шаралар қолданылатын болады. Өңірде коронавирус диагнозымен ауруханаға түскен ең алғашқы науқастың мәселесіне келсек, қызметтік тексеріс жүргізілуде. Қауіпті індет белгілерінің неліктен кеш анықталғандығы қаралады.

Қамбар Бекенов, тілші:

- Қызылорда қаласының айналасына 5 тосқауыл бекеті қойылды. Ақтөбе, Түркістан, Қарағанды облыстары мен жергілікті Жалағаш ауданы және Айдарлы, Жетікөл, Амангелді ауылдарына баратын жолдар жабылды. Тек азық-түлік тауарларын, дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды тасымалдайтын және өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы құрылымдарының үздіксіз қызметін қамтамасыз ететін автокөліктер жіті тексеріліп жіберіледі. Балабақша, базарлар мен азық-түлік өндірмейтін барлық кәсіпкерлік нысандар уақытша жабылады. Қоғамдық тамақтану орындары «Тұтынушыға жеткізу» қызметіне көшеді. Жолаушылар тасымалымен айналысатын қалаішілік автобустардың жүру кестесі шектеледі. Санитарлық нормалардың сақталуы мен азық-түлік қоры ситуациялық орталықта бақыланады.

Аймақ тұрғындары кез келген сауал бойынша осы колл-орталыққа хабарласа алады. Карантин мерзімі 15 сәуірге дейін созылады.

Хабар 24 телеарнасы