422.87 509.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысының периметрі бойынша он блокпост орнатылады

  • 529
  • UPD: 16:08, 31.03.2020

Коронавирусқа байланысты Қостанай облысы да іргесін қымтап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгіннен бастап аймаққа шекаралас Ресейден және көрші облыстардан кіруге де, шығуға да шектеу қойылады. Ол үшін күре жолдар бойына 10 блок-бекет орнату көзделген.

Диктор:

- Дәл қазір бізбен тікелей байланысқа өңірдегі тілшіміз Данияр Сұлтан шығып тұр. Данияр, блок-бекеттер қай жерлерде пайда болады? Жалпы профилактикалық шаралардың жүзеге асырылу барысын айтып өтсеңіз.

Данияр Сұлтан, тілші:

- Блок-бекеттер Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстары және шекаралас ел Ресейдің Қорған, Челябі облыстарына шығатын жол бағыттарында орнатылады. Жоспарда Қостанай қаласын жеке қымтау да бар. Жағдай ушығып кететін болса, онда облыс орталығының әр жерінен 6 бекет қойылады. Біз қазір АлматыЕкатеринбург бағытындағы республикалық маңызға ие жол бойында тұрмыз.

Осы күре жолдың 174-ші шақырымында, яғни «Қайрақ» шекара бекетінде бүгін кешке блокпост тұрғызылады. Бекеттерде күштік құрылымдармен бірге медицина мамандары да тәулік бойы кезекшілік етеді. Бұдан бөлек, облыстың қалалары мен аудандары арасында автобус қатынасы да толығымен тоқтатылады. Тек жеке көлігімен жүретіндердің жолы бөгелмейді. Ал өзге облыстар, шетелдерден жолдамамен келгендер және дипломатия қызметкерлеріне кіруге рұқсат бар.

Құрмет Мәжікенов, ПД жергілікті полиция қызметінің басшысы:

- Шектеу облыс аумағына кіру мен шығуға бірдей қойылады. Яғни, біздің өңірге жұмыс бабымен, қонаққа, басқа да себептермен келгендерге үйлеріне қайтуға кешке дейін мүмкіндік береміз. Ал сағат 22:00-ден бастап шектеу талаптары күшіне енеді.

Сондай-ақ облыс тұрғындарға кешкі сағат 22:00-ден кейін үйден сыртқа шығуларына тыйым салынады. Аса қажетті жағдайларда, яғни, дәріхана, дүкен және қоқыс шығаруға бұл тәртіптің еш қатысы болмайды.

Жалпы төтенше жағдай жарияланғалы бері облыста бекітілген ережені бұзып жатқандар қатары толастар емес. Полиция, прокуратура және әкімдік қызметкерлерінің бірлескен түнгі рейд барысында осы күнге дейін 121 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олар – қорқор шегетін нысандардың, кафелер және компьютерлік клубтардың қожайындары. Бұдан бөлек, жалған ақпарат таратудың 5 фактісі тіркеліпті. «Арқалық қаласында коронавирус жұқтырған адам бар», деген аудиохабарлама таратқан әйел кісі әлі іздестіріліп жатыр.

Соңғы мәліметтер бойынша облыста қазір ТМД және өзге де шетелден келген 768 адам үй жағдайында оқшауға алынған. 218 адам госпитальде карантинде жатыр. Ал карантиндік режимді осы күнге дейін 144 бұзған екен.

Хабар 24 телеарнасы