427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордалық қариялардың зейнетақысы үйлеріне жеткізіледі

  • 614
  • UPD: 19:05, 31.03.2020

Елордалық қариялар сыртқа шықпай-ақ, зейнетақыны үйге алдырта алады, деп хабарлайды «Хабар 24»

Сол себепті, карантин талаптарының күшейгеніне қарамастан пошта қызметі жұмысын жалғастыра бермек.

Елордада 6 мыңнан астам зейнеткер бар. Олардың бір бөлігі зейнетақысын поштадан барып алады. Карантин жағдайында қариялардың сыртқа шықпауын қамтамасыз ету үшін пошта қызметкерлері зейнетақыны үйлеріне жеткізеді.  Сондай-ақ, банк картасын ашуға келіскен қарияларға да карточкаларын үйге әкеп береді.

Жадыра Саханова, пошта бөлімшесінің бастығы:

– Бүгінгі таңда біздің бөлімшеде 400-дей адамға осындай карточка ашылып, зейнеткерлерге жеткізіліп жатыр. Біз көп адамбыз.

Үй-үйді аралайтын пошташылар бетперде, қолғаптарын киіп, барынша сақтанады. Алайда қариялардың сол сақтық шараларын қаперіне ілмейтін көрінеді. Біз іздеп барған Валентина әжей көшеде маскасыз бейқам келе жатқан еді. Пошташыны көріп, қуанғанын жасыра алмаған әжейдің істегені мынау.

Ал үйге кіріп коронавирус жайлы сұрағанымызда әжейдің берген жауабы басқа болды.

– Бұл – өте қауіпті ауру. Бір сөзбен айтқанда, қариялар үйде отырғандары дұрыс. Үйде жастар бар болса, соларды анда-мұнда жұмсаған жөн. Ал үйде ондай адам болмаса, әлеуметтік қызметтерге хабарлассын, керек-жарағын солар үйге өздері әкеп береді.

Жетпістен асқан кейуана мен оның жұбайы пошташы әкелген банк карточкасына қуанды. Енді олар поштада кезекте күтпей-ақ, зейнетақыны қалаған уақытында банкоматтан ала алады. Айта кетерлігі, пошта бөлімінде бұрынғыдай ұзын-сонар кезек жоқ.  Мәселен, мына бөлімшеге күніне 500-700 адам келсе, қазір олардың саны 150-ге дейін қысқарған.

Бағлан Оразбай, пошта мекемесі директорының орынбасары:

– Келіп жатқан тұтынушылар ұстайды-ау деген заттарды уақтылы зарарсыздандыру жұмыстарын істеп жатырмыз. Яғни, өзіңіз көріп отырғандай, мына мекеме аптасына бір рет, қажет болған жағдайда екі реттен келіп, қажетт органдармен зарарсыздандыру жұмыстары атқарылады.

Хаттар мен сәлемдемені тұрғындарға таратпас бұрын пошта қызметі оларды тиісті дезинфекциядан өткізеді. Қызмет көрсетуші мамандар да қауіпсіздік шараларын қатаң ұстанады.

Авторы: Бахыт Топтаева, Аят Дүйсембаев

Хабар 24 телеарнасы