411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордалық такси жүргізушілері сақтық шараларын ескеріп жүр ме?

  • 188
  • UPD: 20:47, 31.03.2020

Қазір елордадағы қоғамдық көліктердің қозғалысы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды «Хабар 24»

Көшеде жүрген жеңіл көліктер де сиреген. Жеке темір тұлпарыңызбен қазір дәрі-дәрмек пен азық-түлік алуға немесе тікелей жұмысыңызға ғана бара аласыз. Одан тыс арнайы тіркеуі бар таксидің жолға шығуына рұқсат етілген. Мұндайда жүргізушілер мен жолаушылардың сақтық шараларын барынша қатаң сақтауы шарт.

Бірлік Берікұлы, тілші:

– Қазір қала тым-тырыс. Далада жүрген адам аз. Тіпті, көрінбейді. Тек ары-бері жүйіткіп жүрген бірен-саран көліктер ғана. Көбі – такси. Айтпақшы, мамандар көлікте дұрыс отырудың тәртібін түсіндірді. Егер сіз таксиге тапсырыс берсеңіз, жүргізушіде міндетті түрде маска және антисептикалық құралдары болуы керек. Жолаушы, ал жолаушы алдыңғы емес, артқы орындықта отырған дұрыс. Тікелей жүргізушінің артында емес, шахмат тастары тәрізді қиғаш жайғасыңыз. Амал болса, бір көлікте екі адамнан артық отырмаған абзал

Бұл амалды жадыңызда сақтаңыз. Тысқа шығарда кәдеңізге жаратасыз. Сақтық үшін ғой, әрине. Ал тәртіп сақшылары такси жүргізушілеріне шектеу қоймағанын айтады. Құжаттары дұрыс болса, кедергі жоқ.

Ғұсман Жакин, қалалық полиция департаменті жергілікті полиция басқармасының басшысы:

– Егер де таксидің жеке құжаттары мен лицензиясы бар болса және тіркеуден өткен болса, онда азаматтарды еш қиындықсыз тасымалдауына болады. Себебі кей тұрғындар дәрі-дәрмек, азық-түлікке және ауруханаға барғанда таксидің көмегіне жүгінуге мәжбүр. Біздің қызметкерлер планшет арқылы олардың базада тіркелгенін тексереді. Бәрі дұрыс болса, жібереміз.

Ал қаладағы таксилер сақтық шараларына қатаң мән беретіндіктерін айтады. Азаматтардың қауіпсіздігі үшін маска мен антисептикалық құралдарды пайдаланды. Одан тыс дезинфекция жасаймыз деп сендірді.

Такси құны қымбаттаған. Ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланған олар қысылтаяң сәтте пайдаға кенелуді көздегендей.

Қоғамдық көлік пен жеке темір тұлпарлардың қозғалысы тоқтаған соң, таксидің дәурені жүріп тұр. Әсілі 500 теңгеге баратын мекенжайға енді екі есе сұрайды. Әйтеуір, тазалық жұмыстары белгіленген бағаға сай жүргізілсе екен.

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Есбол Жәмшитов

Хабар 24 телеарнасы