419,02 492,14 5.75
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентте автокөліктердің кіріп-шығуына тыйым салынды

  • 359
  • UPD: 22:53, 31.03.2020

Шымкентке көршілес облыстармен қатар іргесіндегі аудан, ауылдардан да халықтың кіріп шығуына тыйым салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал қаланың өз басындағы көлік атаулыға бүгін кешкі сағат 21:00-ден бастап кіріп-шығуға шектеу қойылды. Шаһар халқы аса қажеттілік туындамаса көшеге шықпағаны жөн.

Кешкі сағат 21:00 ден бастап қосымша шектеу шаралары күшіне енді. Біріншіден, қалаға кіретін барлық жолдар жабылады. Автокөліктердің қалаға кіруі мен шығуына тыйым салынады. Тек транзитті жүк көліктері мен тіршілікті қамтамасыз ететін арнайы автокөліктерге рұқсат беріледі.

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:

– Республиканың өзге аймақтарына Шымкент арқылы өтетін транзитті жолаушылар көп.  Олардың саны  тәулігіне шамамен  200 мың адам. Бұл жағдай індеттің таралу қаупін арттырып отыр.  Сол себепті Шымкент қаласында 31 наурыз күні сағат 21.00-ден бастап қосымша шектеу шаралары енгізіледі.

Індет ошағы саналған «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабындағы халық 1 аптадан бері карантинге оқшауланды. Шымкенттің 12 жерінен санитарлық бекеттер қойылды. Әуежай, теміржол вокзалы мен автобекеттер жұмысын тоқтатты. Енді қала аумағында бетперделік режим енгізіледі. Барлық азамат медициналық бетперде киюі міндетті.

Ербол Садыр, қала әкімінің бірінші орынбасары:

– Бетперде кимей жүрген азаматтарға арнайы айыппұлдар салынады. Егер де оған көнбеген жағдайда 10 күнге дейін арнайы тәртіпке шақыру мәселелері қаралған. Бүгінде 668 мың бетперде тігілді. Оның барлығы осы, бірінші кезекте халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік  жекеменшік орындарды қамтамасыз еттік.

Шымкентте халықтың жүріп тұруы азайғанымен әлі де көше кезіп жүргендер жетерлік. Қоғамдық көліктер шаһарда қазір

25 % қысқартылған. Ал тұрғындарға айтарымыз, вирус тарамасын десе, үйде отырғаны жөн. Үйде болғанымыз Отанымызбен бірге болғанымыз.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы