399,51 448,90 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында төрт ауру ошағы анықталды

  • 176
  • UPD: 20:02, 01.04.2020
Қарағанды облысында төрт ауру ошағы анықталды

Қарағанды облысында коронавирустық инфекциядан қайтыс болған ер адам Теміртау қаласында жұмыс істегендіктен, аталмыш қала жеке карантинге жабылатын болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни, басқа өңір тұрғындарының Теміртауға кіріп-шығуына уақытша тыйым салынады. Қазір онымен жақын аралсқан 56 адам анықталды. Барлығы бақылауға алынған. Белгілі болғандай, 62 жастағы ер адам тек 30 наурыз күні ауруханаға келіп, бірден реанимацияға жатқызылған. Ал, бүгін таңертең ол, өкінішке орай, көз жұмды.

Марқұмның Теміртау қаласында нотариалдық қызмет көрсетіп, өзі Қарағандыда тұрғаны мәлім. Елдегі COVID-19 ең көп тіркелген Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына бармаған, тіпті республика шекарасынан шықпаған. Оның дертті қайдан жұқтырып алғаны анықталып жатыр. Мамандар «көз жұмған адам ауру асқынғанша дәрігерлерге қаралмаған», дейді.

Бибігүл Төлегенова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

- Медициналық қызметкерлердің қарқынды еміне қарамастан, бүгін 7:10-да жүрегі тоқтады. Өлімінен кейін сынамалар алынып, ауру расталды.  Бұған дейін ол ауруханаға келген жоқ. Жақын қатынаста болғандар анықталуда.

Осы оқиғадан кейін Қарағанды облысында тағы 4 бірдей ауру ошағы анықталды. Оның ішінде марқұмның тұрған үйі мен қызмет еткен жері де бар. Тағы бір орын – осыған дейін оқшауланған көп қабатты үйдің бір кіреберісі. Бүгінгі брифингте осы үйдің тұрғындары карантиннен қашан шығатыны айтылды.

Қанат Асқаров, облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бд басшысы:

Ол подъезде 35 адам бар. Күніне 2 мәрте мамандар тексеріс жүргізеді. Қазір тұрғындардың денсаулығына шағымы жоқ. Карантин мезгілі өткен соң тағы бір мәрте вирусологиялық сынама алып, бәрі дұрыс болса, ол кіреберістегі карантинді аяқтаймыз.

Карантин жарияланғалы бері облыста санитарлық режимді сақтамаған 156 нысан тіркелген. Сот шешімімен 46-сы әкімшілік қамауға алынса, 62-іне 10 АЕК айыппұл салынды. Бүгінгі таңда Қарағандыда 14 пациентте коронавирус диагнозы расталған. Оның біреуі қатерлі дерттен көз жұмды. Қалғандарының жағдайы қанағаттанарлық. Елдің Бас санитар дәрігері Қарағандыда COVID жұқтырғандардың бірі науқастармен жұмыс істеген дәрігер екенін айтқан. Қазір тәулік бойы бақылауда 598 адам, үй карантинінде 1 076 адам бар. Облыстың 5 қаласында 30 наурыздан бастап карантин енгізілген.

Авторлары: Дәуренбек Бақдәулетұлы, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы