411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында коронавирус жұқтырғандар дәрігерлердің бақылауында

  • 263
  • UPD: 20:50, 01.04.2020
Түркістан облысында коронавирус жұқтырғандар дәрігерлердің бақылауында

Түркістан облысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны бес адамға жетті.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың бас санитар дәрігері хабарлады.

Нұрбек Нышановтың айтуынша, қауіпті індетті жұқтырған алғашқы науқас Жетісай ауданының тұрғыны. Ол 21 наурыз күні Нұр-Сұлтан қаласынан пойызбен шығып, 23 наурызда Шымкент қаласынан түскен. Одан кейін ары қарай жеке көлікпен Жетісай қаласына барған. 27 наурызда ыстығы көтеріліп, үй жағдайында емделген. Ал ауруханаға 30 наурызда бір-ақ қаралған. Сол күні бірден аудандық орталық ауруханаға жатқызылып, сынама алынған. «Зерттеу барысында әйел адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Онымен байланыста болған 3 адам оқшауланып, олардан сынама алынды. Осылайша, бір ошақта 4 науқас тіркелді», - деді бас санитар дәрігер. Сонымен қатар Алматы қаласынан келген тағы бір Жетісай ауданының тұрғынынан қауіпті індет анықталды. Қазіргі таңда науқастар дәрігердің бақылауында. Жағдайлары қанағаттанарлық дәрежеде.

Нұрбек Нышанов, облыстық тауарлар және қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы:

- Осы тіркелген ошақтарда Денсаулық сақтау министрлігінің, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтің бақылау комитетінің, Ұлттық сараптама орталығының және департаменттің мамандары өзінің жұмыстарын жүргізіп, ошақ зарарсыздандырылды. Сол ошақта қарым-қатынаста болғандардың бәрі анықталып, қазіргі күні 41 адам есепке алынды. Олардың барлығы емдеу мекемесіне оқшауланып, зертханалық сынамалар алынды, жұмыстар жалғасып жатыр.

Хабар 24 телеарнасы