422.87 509.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда ауру ошағы саналған тағы екі үйден карантин режимі алынды

  • 479
  • UPD: 22:26, 01.04.2020

Алматыда бүгін ауру ошағы саналған тағы 2 үйден карантин режимі алынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді ондағы тұрғындар азық-түлік дүкендері мен дәріханаларға еркін бара алады. Ал, 22 үй, өкінішке орай, әлі де індет аймағы ретінде оқшауланған.

Бүгінде 3 мыңнан аса алматылық үй карантинінде отыр. Олар дәрігерлер мен полицейлердің бақылауында. «Індет жұғуы ықтимал кезеңде оқшаулау – мәжбүрлі шара, бірақ өте тиімді», - дейді мамандар. Осы уақыт аралығында эпидемиологтар ауру анықталған жердегі барлық азаматты тексереді.

Айзат Молдағасымова, қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы:

- 1 сәуірдегі мәлімет бойынша қалада 24 үй карантинге алынған. Індет жұғуы ықтимал уақыт өткен соң 12 үйден шектеу шаралары алынды. Жалпы алғашқы коронавирус инфекциясы тіркелгеннен бері 36 үй оқшауланған болатын.

Індет ошағы қаланың Медеу, Жетісу және Алатау аудандарында көп тіркелген. «Үйде отыруға да үйрендік. Ермек болар іс те табылады. Ең бастысы – ауру тарамаса екен», - дейді тұрғындар.

Зағира Абдуллаева, қала тұрғыны:

- Бүгін пробный сабақтар басталды, 54 мектептен арбаттағы компьютерімізді әкеліп берді. Үлкен немерем 2 сағат сабақта отырды. Одан кейін қазір кіші немеремнің сабағы болып жатыр. Одан кейін 6-сыныптың пробный сабағы басталады. Короновирус бізді айналып өтіп кетсін.

Карантинге жабылған үйлердің тұрғындарынан алынған сынамалар сараптамаға жіберілген. Егер нәтиже теріс болса, шектеуде отырған бірнеше үйдің тұрғындарына сыртқа шығуға рұқсат беріледі.

Айзат Молдағасымова, қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы:

- Ауру жұғуы ықтимал уақытының бітуіне байланысты бүгін кешке тағы 2 үй карантиннен босатылады. Оның біреуі Медеу ауданында, екіншісі Алатау ауданында. Бұл мекенжайларда 30-дан аса адам тұрады. Ауру анықталған үйлерді оқшаулау әлі де жалғасады.

Жұқпалы індеттің  алдын алу мақсатында қалада зарарсыздандыру жұмыстары да үздіксіз жүргізілуде. Онымен қалада 500-дей жұмысшы айналысады. Алматыда 8500 үй, 23 мыңнан аса кіреберіс пен 4 мыңға жуық аула зарарсыздандырылады.

Мейіржан Отыншиев, қалалық тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары:

- Жұмыс көлемінің ауқымдылығы ескеріліп, барлық ауданда зарарсыздандыру 3 күнге бөлініп, олардың жалпы санының кем дегенде күніне 33%-і қамтылады. Осылайша, көп қабатты үйлердің кіреберістері мен аулалары кестеге сәйкес аптасына 2 рет өңделеді.

Мамандардың айтуынша, көп пәтерлі тұрғын үйлерді зарарсыздандыруға, өңдеуде қолданылатын өнімдер сертификатталған және олар адамдар мен үй жануарлары үшін қауіпсіз.

Авторы: Гүлжан Көленқызы

Хабар 24 телеарнасы