425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

СҚО-да су тасқыны басталды

  • 343
  • UPD: 15:33, 03.04.2020
СҚО-да су тасқыны басталды

Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі су тасқыны басталды. Ғ.Мүсірепов ауданындағы Мұқыр өзенінде бір тәулікті су деңгейі бірден 145 см көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, Иманбұрлық, Ақанбұрлық, Бабықбұрлық, Мұқыр өзендерінде су деңгейі бір тәулікте 50-145 см аралығында көтерілген.

Ғ.Мүсірепов ауданындағы Тоқсан би және Крещенка елді мекендерінің маңында Есіл өзенінің деңгейі 54 см артты. «Сергеев су қоймасында су деңгейі 23 наурыздан бастап көтеріле бастады. Бүгін сағат 11:00 шамасында бөгеттің қырынан 27 см шамасында асып ағып жатыр. Осы күнге дейін ондағы су деңгейі 68 см көтерілді», - дейді «Қазгидромет» РМК СҚО филиалы директорының орынбасары Наталия Левина.

Маманның айтуынша, Петропавл қаласына су тасқыны шамамен 10-12 күннен кейін келеді. Алайда, 2016-2017 жылдардағы жағдай қайталанбайды.

«Облыс үлкен аумақты алып жатыр. Қазір оңтүстік аудандар – Ғ.Мүсірепов пен Айыртауда басталды. Екі аптаның ішінде өтеді деп ойлаймыз. Үлкен су Петропавлға барады. Былтырғы жылмен салыстырғанда ауқымды болады деген болжам бар. Сергеев су қоймасынан 1,5-2 метрге дейін су асып төгіліп өтеді деп ойлаймыз», - дейді Наталия Левина.

Хабар 24 телеарнасы