427,93 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада мейірбан жандар ақ халаттыларды түскі аспен қамтуды қолға алды

  • 406
  • UPD: 00:38, 04.04.2020

Коронавирус бойынша ақпарат беретін жедел желі 1406 болғанымен, елордалықтар әлі де 103 нөмірін тереді, деп хабарлайды «Хабар 24»

Қазір қалалық жедел жәрдем қызметіне тәулік бойы 2500 қоңырау кеп түседі. 22 диспетчер қауырт жұмыс істеуде. Ал қалалық «Салт аттылар» клубы болса міндеті екі еселенген мамандардың қамын жасап, түскі аспен қамтып отыр.

Коронавирус індеті басталғалы елордалықтар 103 нөміріне жиі хабарласатын болған. Бір диспетчер күніне 150 адаммен сөйлеседі. Қоңырау шалғандардың көбі вирусты жұқтырып алмадым ба деп алаңдайды екен. Содан болар карантин енгелі жедел жәрдем қызметіне түсетін салмақ екі еселенген.

Ақерке Ауғанбекова 10 жылдан бері диспетчер-фельдшер қызметін атқарады. Бір тәулікте пультта 22 адам отырады. Әсіресе, түнгі ауысымда ауыртпалық артады дейді ол.

Ақерке Ауғанбекова, диспетчер-фельдшер:

– Түнгі ауысымға келгенде шақыртулар көбейеді және ауыртпалық түседі. Көбінесе бізде психо-эмоционалдық жағдай. Көбі мекенжайын дұрыс білмейді. Сосын біз қазір бригада шақыртуға жеткенше кеңес береміз. Бригада келгенше не істеу керек? Соны айтамыз.

Диспетчерлер 4 шұғыл жағдай категориясы бойынша жұмыс істейді. Қырағы, жедел әрі жанашыр мамандар халықтан бар көмегін аямайды. Халық та оларды риза етуге асығады екен.

Қаладағы «Салт аттылар» қиын-қыстау сәтте жауапкершілік жүгі артқан диспетчерлерді ыстық тамақпен қамтуды қолға алған. Сөйтіп, «Біз біргеміз» акциясына үн қосыпты.

Алма Жұмабаева, қалалық жедел жәрдем стансасының аға фельдшері:

– Қамқорлық танытып, бізге ыстық тамақ әкеліп жатқан азаматтарға алғысым шексіз. Осындай ауыр кезеңде ілтипат білдіріп, күн сайын түскі аспен қамтып отыр. Біз үшін бұл өте маңызды. Өйткені қауырт сәтте жұмыс орнымызды тастап кете алмаймыз ғой. Жомарт жандарға көп рахмет айтамыз.

Игі істі қолға алған азаматтар өзгелерді де игілікке жұмылуға үндейді. «Себебі коронавирус сияқты қауіпті кеселге тәртіп пен ауызбіршілік арқылы ғана төтеп бере аламыз», –  дейді олар.

Ержан Жаубай, акцияны ұйымдастырушы:

– Мейрамханаға тапсырыс береміз. Сол кісілер тамақты істеп, диспетчерлік орталыққа жеткізіп береді. 20-дан астам қызметкерге әлі де бір он күндей түскі ас жеткізіп беруге мүмкіндігіміз бар. Біз осындай қиын кезде алғы шепте жүрген кісілерге көмек беруге шақырамыз.

Жалпы 103 қызметіне тәулігіне 2,5 мың қоңырау түседі. 1500-нан аса шақырту тіркеледі. Халықтың шағымын тыңдап, алғашқы көмек көрсетіп отырған 70-ке тарта жедел жәрдем бригадасы бар. Барлығы да азаматтардың өмірін сақтауды парызым деп біледі.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы