413,12 452,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық кадеттер елге оралды

  • 250
  • UPD: 23:49, 03.04.2020

Нидерландта тағылымдамадан өтуге барған ҚБТУ жанындағы Теңіз академиясы кадеттері де алыс сапардан кейін Амстердамға аман есен жетіп, бүгін елге оралды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жанат Эрнст, тілші:

– Бұл қазақстандық кадеттерді құтқару және елге қайтару бойынша арнайы операция болды. Әлемде коронавирустың таралуына байланысты олар Азор аралдарынан шыға алмай қалған. Бұл елге кадеттер Роттердам Теңіз мектебінің оқу тағылымдамасы бойынша

«Эендрахт» желкенді кемесімен Кариб теңізіндегі Син-Мартен аралынан барған. Бірақ Азор аралдарынан Франкфурт арқылы Қазақстанға тікелей ұшатын әуе рейсі тоқтап, жас теңізшілер нидерландтық кеме экипажымен Роттердамға оралуды шешкен.

Оқу тағылымдамасында 46 күнге дейін теңізде тәжірибеден өту қарастырылған. Гавр портына жеткенде жас теңізшілер оларды елге қайтару үшін ұшақ жіберілетінін естиді. Бұл жерден кадеттер Булонь-сюр-Мер портына барып, содан кейін қатаң карантин жағдайындағы Франция, Бельгия, Нидерланд шекараларын кесіп өтіп, Амстердамға жетеді.

Мағжан Ильясов, Қазақстанның Нидерландтағы төтенше және өкілетті елшісі:

– Өзге елдегі азаматтарымыздың елге оралу мәселесі Сыртқы істер министрлігінің ерекше бақылауында. Ал осы оқиғаға қатысты айтатын болсақ, еліміздің 26 азаматы Бельгия, Франция және Нидерландтағы елшіліктеріміздің бірлесе әрекет етуімен Амстердам қаласына аман-есен жеткізілді.

Жалпы Теңіз академиясының 24 кадеті мен 2 офицері кемеде 46 күн оқшауда болды. Барлығының денсаулығы жақсы. Жас теңізшілермен кемеде болған дәрігерлеріміз де  коронавирусқа шалдықпаған. Дәлелдейтін арнайы құжаттары бар

Тсерк Хеслинг Хёкстра, «Эендрахт» желкенді кемесінің капитаны:

– Біз қазақстандық студенттердің Азор аралдарынан еліне оралғанын жоспарлаған едік. Бірақ коронавирустан бұл мүмкін болмай қалды. Сондықтан олар кемеде қалып Булонь-Сюр-Мер портына барды. Қатты дауылдан біраз кешігіп, елшіліктің қолдауымен Амстердамға жетті. Олардың жуық арада отбасыларымен қауышатынына қуаныштымыз.

Соңғы екі аптада жас теңізшілердің кемесі бірнеше рет қатты дауылға тап болған. Бірақ кадеттер барлық қиындықты жеңіп қана қоймай, Азор аралдарында қалып қойған 7 нидерландтық саяхатшының еліне оралуына көмектесті.

Абылай Лакеров, ҚБТУ Теңіз академиясының дәріскері:

– Балалардың барлығының денсаулығы жақсы. Осы сапарда көп тәжірибе жинақтады. Теңізде бірнеше рет дауылға тап болғанына қарамастан барлық қиындықты жеңіп шықты. Ал Азор аралдарынан Роттердамға дейін тәлімгер емес нағыз кеме экипажы сияқты әрекет етті.

Әсет Шакенов, ҚБТУ Теңіз академиясының кадеті:

– Сыртқы істер министрлігіне және қазақ дипломаттарына шексіз алғысымды білдіремін! Себебі олар Франция, Бельгия және Нидерланд шекараларынан бізді сәтті өткізді. Біздің саяхатымыз туралы айта кетсек, біздің басымыздан қиыншылықтарымыз өте көп, жаңағыдай 12 балдық шторм болды, парустарымыз жыртылған кез болды, жанармай тапшы кез болды. Сол енді қазір Амстердамға сәтті жетіп, үйге ұшуымызға дайындалудамыз.

Нидерланд кемесінің экипажы біздің кадеттердің төзімділігі мен табандылығына тәнті болды. Тіпті, Бискай шығанағы мен Атлант мұхиты арқылы Роттердемға оралу кезінде көрсеткен көмегі үшін алғысын білдіріп жатыр. 

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы