426,73 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Карантин ажырасуға себеп пе?

  • 1062
  • UPD: 12:29, 04.04.2020

Карантин отбасы берекесін сақтауға кедергі ме? Мәселен, коронавирус Қытайда көптеген жұптың ажырасуына алып келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аспан асты елінің тұрғындары карантин аяқталғаннан кейін жергілікті азаматтардың хал актілерін жазу бөлімдерінің алдында ұзын-сонар кезекке тұрып, ажырасуға өтініштерін бере бастады.

Шанхайдағы мына бір заң фирмасының қызметкерлерінің жұмысы қауырт. Себебі наурыз айының ортасынан бастап ажырасу рәсімі 25% артты. Мәселен, бір ғана Милуо қаласының өзінде бір айда 206 жұп ажырасса, 311-і некелерін заңдастырған. Ал мына бейнежазба жергілікті жердегі АХАЖ бөлімінің алдындағы кезек. Қазір ажырасқандардың көбейіп кеткендігін Қытай телеарналары да қызу талқылап жатыр.

Хоу Шаньшань, шолушы:

– Ең әуелі Шанхайда онлайн кезек бір айға толып қалғанын көрдім. Ал Гуанчжоуда эпидемиядан кейін ажырасқандардың саны күрт артты. Мұндай көрініс Сианда да байқалады. Мен мұның қаншалықты ұзаққа созылатынын білмеймін. Бірақ эпидемиядан кейін ажырасқандардың саны артқандығы анық.

Ал Қазақстанда көршілерге қарағанда жағдай жақсы. Елордада наурыздың екінші бөлігінде ажырасқандардың саны өткен жылдың статистикасымен салыстырғанда үш есеге азайған. Бірақ мұны карантинмен байланыстыруға болмайды. Өйткені өтініштер бір ай бұрын беріліп қойылған.

Жалпы егов порталы арқылы некені заңдастыруға немесе ажырасуға өтініш беруге болады. Егер қос жұптың балалары немесе ортақ мүлкі болмаса, онлайн түрде ажырасу мүмкіндігі бар.

Дәл осылай, бала болмаса қос ғашық некелерін заңдастыра алады. Айта кету керек, алғашқы үш айда онлайн қызметті 15 мың қазақстандық пайдаланған. Ал онлайн түрде ажырасқандардың саны өткен жылмен салыстырғанда 35 проценткен көп. 

Дегенмен карантин ажырасу керек деген үкім емес. Керісінше, отбасымен уақыт өткізіп, өз-өзіңді дамыту керек дейді психологтар.

Альвира Юсупова, отбасылық психолог:

– Балаларға, отбасыға көңіл бөліп, уақытты тиімді өткізуге болады. Тәтті тағамдар әзірлеуге де болады. Отбасымен бірге ойнауға болатын түрлі ойындар да бар. Қазір бір нәрсені істеуге мүмкіндігім жоқ дей бермей, болашаққа жоспар құру керек.

Жалпы психологтар қазір өздерінің қызметтеріне сұраныс артқандығын айтады. Қазақстандықтар мамандарға күйзеліс кезінде және отбасылық сұрақтармен жүгінеді екен.

Светлана Третьякова, онлайн-қызметтің психологы:

– Мұнда отбасылық қатынастар қосылады. Бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынас, әйелі мен күейі арасындағы қатынас деген сияқты. Психологтар мен психотерапевтермен жұмыс жасауға келетін өтініштер қазір артты. Бұл енді әлемде және еліміздегі жағдайға байланысты деп отырмыз.

Жалпы мамандар қазір болашаққа жоспар құрып, ой-өрісті дамыту қажет дейді. Ал қазақстандық жұптардың махаббаты қытайлықтарға қарағанда берік пе, ол жағын уақыт көрсетеді. Оның қорытындысын карантин аяқталғаннан кейін шығаруға болады.

Авторы: Риат Шони

Хабар 24 телеарнасы