412,10 452,40 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркиядағы 400-ден астам қазақстандық студент елге оралды

  • 545
  • UPD: 14:32, 04.04.2020

Түркияда тәлім алатын 400-ден астам шәкіртіміз елге оралды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үкімет шешімімен Қазақстанның дипломатиялық өкілдігі және түркиялық демеушілердің көмегі нәтижесінде әуелеген қос ұшақ елімізге келіп жетті. Коронавирус қаупінің күшеюіне байланысты түрік ағайындар апта бұрын халықаралық рейстерін тоқтатқан болатын. Әуе жолдары жабылған тұста елге оралу мүмкіндігіне ие болған жастарымыз ерекше қуанышқа кенелді.

COVID-19 дың қарқын алуына байланысты түркиялық университеттер бұл семестрді қашықтан оқыту жүйесімен аяқтайтын болды. Бұл шешім қазақстандық жастардың отанға оралу мүмкіндігін арттырды. Мәселеге жіті мән берген Қазақстан елшілігінің ұтымды ұйымдастыруымен жастарға елге қайтуына жол ашылды. Мәселен, бұл автобус 22 шәкіртті Анкарадан Ыстамбұлға жеткізеді. Дәл осылай Анадолының 35 қаласынан жастарымыз мінген көліктер әуежайға бет алды. Айта кетейік, көліктер студенттерден ақы алмайды, өйткені демеушілер төлеп қойған.

Мадина Жұмағазиева, студент:

- Вирус басталғалы қазақстандық азаматтардың әрбірімен жеке байланыс орнатып және елімізге қайтуға мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз.

Дінмұхаммед Қасымбек, студент:

- Оқуымды жемісті аяқтадым. Дипломымды алып, елге қайтамын ба деп отырғанымда әуежайлар жабылды. Елшілік пен демеушілердің арқасында чартерлік рейстердің ұйымдастырылатын естіп, ерекше қуандым.

Жастар мінген көліктер Ыстамбұлда тоқайласып, жолаушылар енді Қазақстанға аттанады. Шәкірттерге ақ жол тілеу үшін халықаралық әуежайға елшілік қызметкерлері де келді.

Абзал Сапарбекұлы, Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Қазақстан үкіметінің тапсырмасымен отанмызға қайтуға өтініш білдірген студенттерімізді қайтару жөнінде жұмыс бастадық. Бүгін 400-ге жуық студент ата-анасының қасына қайтып жатыр. Енді осы жерде қалып жатқан 1000-ға жуық студенттің жағдайын одан әрі бақылауда ұстауды жалғастырамыз. Тиісті көмегімізді жалғастыра береміз.

Жастардың жанынан табылып, қол ұшын созған демеушілерге студенттердің алғысы ерекше. Олар да реті келгенде көмек көрсетуді өздеріне парыз санайды.

Жүнейит Арслан, кәсіпкер:

– «YDA» холдингі ретінде еліңізде 18 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Қазақстан – Еуразияның жарық жұлдызы. Атажұрттан келген әрбір азаматтың біз үшін орны бөлек. Білім алушы жастарға тіптен ерекше құрмет көрсетеміз. Сондықтан да қазақ жастарының елге оралуына аз да болса үлес қосып отырмыз.

Ұлпан Нышан, студент:

- Бізге осындай арнайы ұшақ, әр қалаға арнайы автобустар жіберіп алдыртып жатыр. Алғысымызды білдіреміз.

Бауырлас елдер арасында қандай да бір жақсы істің орын алуы әбден жарасымды. Алыс-беріс дегеннің арғы жағында осындай мағына жатса керек..

Авторы: Меруерт Қанағат

Хабар 24 телеарнасы