413,26 452,15 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордалық кәсіпкер 100-ге жуық полицейге тегін түскі ас таратады

  • 150
  • UPD: 20:38, 04.04.2020

Елорда кәсіпкерлері күндіз-түні жұмыста жүрген полиция қызметкерлеріне ыстық тамақ дайындап береді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күн сайын 100-ге жуық қызметкерге тегін түскі ас таратады. Шағын дәмханаға қазір адам келмейді. Үйге жеткізу қызметіне көшкен. Бұрынғыдай емес, кірісі азайған. Дегенмен, қайырымды жан «қолда барыммен бөлісемін», дейді.

Қазанда тамақ пісіп жатыр, пеште ыстық нан дайын тұр. Бүгінгі ас мәзірінде палау мен хашлама. Аспаздар таң атқаннан тынымсыз жұмысқа кіріскен. 5 күннен бері асханада қарбалас тірлік.

Феруза Омарова, аспаз:

Бұл тәтті бөлке. Жаңа ғана пештен шығардық. Біз қазір қайырымдылықпен айналысып жатырмыз. Қиын кезеңде бір-бірімізге көмек көрсету парыз. Сондықтан қолымыздан келгенше аянып қалмаймыз. Біздің тыныштығымызды күзетіп жүрген тәртіп сақшыларына арнап пісірдік.

Дәмхананың қожайыны Юсуб Әлиев «ел басына қиындық туған сәтте қарап отыра алмадым», дейді. Карантин кезінде кезекшілікте жүрген тәртіп сақшыларын ыстық тамақпен қамтамасыз етуді ойлайды. Батальон басшысымен сөйлесіп, өз көмегін ұсынады. «Көктем кезінде құнарлы ас ішу керек» деп, тамақтың етін мол қылады.

Ақсәуле Байменшина, тілші:

Міне, жаңа асханада Феруза дайындаған тамақты ыстық күйінде, қаланың әр жерінде жұмыс істеп жүрген полиция қызметкерлеріне жеткізеді.

Дайын асты тәртіп сақшылары өздері алып кетеді. Немесе дәмхана қызметкерлері апарып береді. Бұл жолы кәсіпкердің өзі шығып, полиция қызметкерлеріне алғысын айтты. Юсуб Әлиевтің достары да бұл игі іске өз үлес ін қосып жүр. Мысалы, ішкі істер саласының ардагері Әшірәлі Қаныбеков бір айлық зейнетақысын қайырымдылыққа жұмсаған.

Юсуб Әлиев, кәсіпкер:

- Өзім осындай болып туылған шығармын. 1993 жылдан бері қайырымдылықпен айналысамын. Қазір елдің басына күн туды. Әркез бұлай бола бермейді. Осы қиындықты бірлесе жеңуіміз керек. Әркім көмегін көрсетсе, алынбайтын қамал жоқ. Қазір әлем халқы қиындық көріп отыр. Мына полиция қызметкерлері менің баламмен қатар жігіттер. Әрқайсының отбасы, бала-шағасы бар. Өздері күндіз-түні жұмыста. Соларға сәл көмегім болсын дедім.

Кәсіпкер балалар үйінің тәрбиеленушілеріне де қамқор болып жүр. 15 жылдан бері қолынан келген көмегін көрсетеді. Қол астында 60 адам жұмыс істесе, олардың да бар жағдайын жасауға тырысады.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы