417,02 504.70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысының тұрғындары жаппай маска тігуге кірісті

  • 566
  • UPD: 07:44, 05.04.2020

Түркістан облысы, Ордабасы ауданының тұрғындары бүгінге дейін 90 мыңға жуық мединицалық бетперде тігіп, халыққа тегін таратқан, деп хабарлайды «Хабар 24»

Маска тігушілердің дені жергілікті тұрғындар мен мұғалімдер және кітапханашылар мен волонтер жастар. Сондай-ақ елдегі төтенше жағдайға байланысты аудандағы тігін фабрикалары да жаппай бетперде тігуді қолға алған.

Бұл – Ордабасы ауданы, Қажымұқан ауылдық округінде орналасқан шағын ғана тігін цехы. Мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін фабрика бұған дейін арнайы жұмыс киімдерін тігумен айналысқан. Елдегі төтенше жағдайға байланысты енді мекеме қызметкерлері жаппай маска тігуде.

Гауһар Біржанова, Қажымұқан ауылының тұрғыны:

– Халқымыз үшін елдің денсаулығы үшін карантинге қарамастан барлығымыз маска тігіп жатырмыз. Өз басым күніне 350 бетперде тігемін. Қазіргі күні тек осы маска тігумен айналысып жатырмыз. Осылай өз үлесімізді қосып жатырмыз.

Жалпы тігін фабрикасында 25 қыз-келіншек жұмыс істейді. Олардың барлығы да мұнда «ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» бағдарламасымен келген. Қазіргі таңда цех жұмысшылары аудан әкімшілігінің тапсырысын орындап жатыр. Жергілікті билік елдегі эпидемиялық жағдайға байланысты фабриканы қажетті материалдармен қамтамасыз еткен.

Ерболат Байсақалов, фабрика директоры:

– Біз тәулігіне 5 мың маскаға дейін тігіп шығарып жатырмыз.Медициналық спамбокс деген материал бар. Сол материалмен қолдан келгенше маска тігіп жатырмыз. Медициналық талаптарға сай деп осыны өндіріп жатырған жайымыз бар. Мына төтенше жағдайға байланысты әкімдіктің барлық тапсырысын орындауға әзірміз.

Жауаптылардың айтуынша, бүгінге дейін Ордабасы ауданында 90 мыңнан астам медициналық бетперде тігіліп, халыққа тегін үлестіріліпті. Оған кәсіпкерлер мен мұғалімдер, кітапханашылар мен еріктілер де атсалысуда. Волонтерлер қорда әлі 40 мың маска бар екенін айтады. Белсенді азаматтардың көмегінің арқасында ауданда бетпердеге деген сұраныс азайған.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы