431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақ-қытай шекарасындағы сауда-саттыққа қатысушылардан ақша бопсаланатыны анықталды

  • 453
  • UPD: 15:16, 06.04.2020
Қазақ-қытай шекарасындағы сауда-саттыққа қатысушылардан ақша бопсаланатыны анықталды

Ұлттық қауіпсіздік комитеті кеден бекеттеріндегі экономикалық қылмыс трансшекаралық сипатқа ие екенін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазір сыртқы сауда туралы сөз болғанда экономикалық контрабандамен күрестің маңызы ерекше айтылады. Бұл санатта тіркелген қылмыстардың статистикасы лауазымды тұлғалар тарапынан қылмысқа жол беру тенденциясы байқалатынын көрсетіп отыр. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі кеден қызметін сынға алған еді. Шетелдік сарапшылардың зерттеуі Қытайдан Қазақстанға келетін тауарлардың жартысы заңсыз кіргізілетінін дәлелдей түсті. Сонымен қатар Қазақстанның кеден статистикасы мен тасымалдаушы елдің кедендік статистикасында айырмашылық байқалады. Жалпы ондай кедендік айырмашылық Қытай мен Ресей арасындағы сауда-саттық қарым-қатынаста байқалмайтынын атап өту керек», - деп хабарлайды ҰҚК.

Осы бағыттағы қылмыстардың бетін ашу үшін Ұлттық қауіпсіздік комитеті жедел іздестіру шараларын жүргізіп, қазақ-қытай, қазақ-өзбек шекарасындағы сыртқы экономикалық сауда-саттыққа қатысушылардан ақша күштеп алынатынын анықтаған.

«Сонымен қатар ҚХР-дан Өзбекстанға тауарды кедергісіз өткізу мақсатында сыртқы экономикалық қатысушылардан шектесетін мемлекеттердің лауазымды тұлғаларының арасында делдал болған Өзбекстан азаматтарының бары белгілі болды. Бұл жағдай осы жүйенің трансшекаралық ауқымы барын айқындай түседі. Осылайша кедендік, фитосанитариялық, ветеринарлық, көліктік бақылау қызметтеріндегі лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттері құжатпен бекітілді.

Атап айтқанда Нұр жолы, Қалжат, Бауыржан Қонысбаев атындағы кеден бекеттерінің қызметкерлері қысқа уақыттың ішінде 1 млн теңге, 10 мыңға жуық доллар, өзге де валютадай ақшаны алған», - делінген комитеттің хабарламасында ҰҚК жүргізген шара барысында 20 шақты адам ұсталып, жұмыс орындары мен тұрғылықты үйлері бойынша тінту жұмыстары жүргізілген.

«Тінту барысында доллар, теңге, рубль мен қырғыз сомы түрінде айтарлықтай қомақты қаражат тәркіленген. Заңсыздықтың жолын кесу жұмыстары жалғаса береді», - делінген комитеттің хабарламасында.

Хабар 24 телеарнасы