399,51 448,90 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада карантин басталғалы блокпосттар шекарасын бұзған 128 адам ұсталды

  • 178
  • UPD: 23:14, 06.04.2020

Елордадағы бақылау-өткізу бекеттеріндегі тәртіпті күштік құрылым өкілдерінің 500 сарбазы қадағалайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал, қала ішіндегі ахуалды бақылауда ұстауға жалпы саны 5 мыңдай адам тартылған.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- Елордада карантин енгізілгеніне бүгін 19 күн. Өзге өңірлерден оқшауланып, барыс-келісті тоқтату үшін қала айналасына 7 бақылау-өткізу бекеті қойылған. Полиция қызметкерлері мен Қорғаныс министрлігінің мамандары, сантитарлық дәрігерлер мұнда келген әрбір жүргізушіні темірдей тәртіп бойынша тексереді. Бірақ әлі күнге дейін ережені елемей, қаладан шығуға немесе кіруге талпынып жатқандар бар.

Сабыр Жүсіпбеков, қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары:

- Карантин басталғалы блокпосттар шекарасын бұзғаны үшін 128 адам ұсталды. Оның ішінде 99 адам қамауға алынды. 19 айыппұл салынды. Қалған істер сотта қарастырылып жатыр. Бүгін-ертең олардың ісі шығады. Карантин уақытында қала тұрғындарына үйде қалуын талап етеміз.

Тас жолда тәртіп күшейгелі кейбіреулер кең даладағы жолсызбен карантин аумағынан шықпақ болған. Осы әрекеттердің жолын кесу мақсатында арнайы мобильді топтар құрылып, дронмен және жол таңдамайтын көлікпен қамтылды. Тәртіп сақшылары екі ауысыммен жұмыс істейді. Арасында тынығып, тамақтануы үшін арнайы шатырлар тігіліп, штаб құрылған.

Берік Садықов, қалалық полиция департаментінің қызметкері:

Төрт мезгіл тамақ ішеміз. Түскі аста сұйық тамақ болады. Сағат 10:00 кезінде таңғы ас ішеміз. 13:00-14:00 аралығында түскі ас. Кешкі асты 21:00-22:00-ге дейін. Ал түнгі ас 02:00-де келеді. Ыстық шәй 24 сағат қамтамасыз етіліп тұр.

Ал, қала ішінде карантин тәртібін қадағалау үшін күштік құрылым өкілдерінен 5 мыңдай адам жұмылдырылған. Олар көшеде бейсауыт жүрген адам мен көліктерді тоқтатып, тиісті құжаттарды тексереді. Ережені бұзғандар болса, ескерту жасайды. Ал, дәл сол адам екінші рет қолға түссе, айыппұл салынады. Мұның барлығы қоғамның қауіпсіздігі үшін жасалып жатқанын біз де ескерте келе, тұрғындарды карантин талабын бұлжытпай орындауға шақырамыз.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Ермек Кеншінбек

Хабар 24 телеарнасы