411,61 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе карантинге жабылады

  • 217
  • UPD: 23:43, 06.04.2020

Бір сағаттан кейін Ақтөбеде карантин енгізіледі, деп хабарлайды «Хабар 24»

Сөйтіп азық-түлік дүкендері, дәріханалар, кәсіпорындар мен қала тіршілігін қамтамасыз ететін қызметтерден өзге ұйымдардың ісі тоқтатылады. Тұрғындардың негізсіз үйден шықпауын полиция бақылайды..

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

– Дәл қазір қала көшелерінде көлік ағынының саябырсығаны байқалады. Мәселен, біз тұрған Әбілқайыр хан даңғылында әдетте қозғалыс көп болатын. Жиі жүретін автобустар да көп көрінбейді. Карантин режиміне байланысты енді ондай қоғамдық көліктер күніне үш мәрте нақты айтсақ, таңертең, түсте және кешкісін ғана жолаушылар тасымалдайды. Сәйкесінше, олардың саны үш есеге дейін қысқарады. Тек, медицина, полиция, құқық қорғау органдары және өзге де құтқару қызметтері техникасы еркін қозғалуына рұқсат. Ал тұрғындар жеке көліктерін мініп бұрыңғысынша жүре алмайды. Жұмысқа бару-қайтуды еңбек ететін мекеме жетекшісі ұйымдастыруы тиіс. Жалпы, тұрғындарға аса мұқтаждық болмаса үйден шығуға тыйым салынып отыр. 65 жастан асқан адамдарға оқшаулау тәртібін қатаң сақтауы тиіс. Саябақ, сауда-ойын сауық орталықтары секілді қоғамдық орындарда жүрмеуін тәртіп сақшылары бақылайды. Ұстап алса, тиісті заң аясында шара қолданады. 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл немесе бірнеше тәулікке қамауға алынуы мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін өңірде қосымша шектеу шаралары енгізіліп, облыс аумағы мен Ақтөбеге көлікпен кіріп-шығуға тыйым салынған болатын. Ал карантин режимі егер қауіпті індетке шалдыққандар саны көбейсе ғана, жарияланатыны айтылған еді. Бүгінде аймақ бойынша вирус жұқтырған оннан астам адам ем қабылдап жатыр. Сондай-ақ, медициналық стационарларда және үй жағдайында бақылауға алынған жүздеген адам бар. Дегенмен, қазіргі жағдайда қала тіршілігін қамтамасыз ететін қызметтер жұмысы жалғаса береді. Қалаға азық-түлік, медицина және ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу үшін «жасыл дәліз» ұйымдастырылады.  Дүкендер кешкі сағат сегізге дейін тұтынушыларын қабылдап, одан кейін мейрамханалар секілді жеткізіп беру қызметін атқарады. Карантин режиімінің толық орындалуын қадағалау құқық қорғау органдарына жүктеліп отыр.

Хабар 24 телеарнасы