413,12 452,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да қашықтан оқып жатқан балалардың дені ауылда тұрады

  • 152
  • UPD: 23:46, 06.04.2020

Иә, қашықтан оқу мәжбүрлі бірақ, уақытша шара. Министрлік өкілдері анықталған олқы тұстар кезең-кезеңімен жойылады деп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қашықтан оқытудың алғашқы сабағы болғандықтан апалы-сіңілі Гаухар мен Меруертке  оның көп тұстары таңсық. Сондықтан түсінбеген жерлерін апайларынан «Ватсап» желісі арқылы анықтап, сұрап алып отырды. Екеуі де оқу үздігі. Жаңа жүйеге бірден көндігу оңай емес. Қашықтан қайта-қайта хабарласып, мұғалімді мазалағысы жоқ. Үйден оқудың да өзіндік тиімді жағы бар дейді олар. Қостанай облысы бойынша 100 мыңнан астам оқушы жаңа жүйеде дәріс алып жатыр.

Гаухар Сағидолла, оқушы:

– Маған жақын әрине мектеп, өзімнің достарым, апайларым, алайда қашықтан оқыту балаларға өзіне талпыныс береді. Өздері оқиды. Өздері ізденеді. Сабақта отырса, балалар көбіне жай отырады, немесе тағы басқа, өздері ізденіп, өздері білім нәрін татуы керек.  

Шығыс Қазақстанда 188 мыңнан астам бала онлайн және қашықтан оқып жатыр. Оның 90 процентке жуығы ауылда тұрады. Облыстық білім басқармасының мәліметінше жеке компьютері жоқ 10 мыңнан астам оқушыға уақытша пайдалануға компьютер таратылды. Ал ғаламтор қуаты төмен ауыл аймақта жалпы 20 мыңнан астам оқушы бар екен. Олар қазір телеарна арқылы білім алуға көшкен. Облыс орталығы Өскемендегі мұғалімдер қашықтықтан оқытуды сәтті бастап кетті. Ұстаздар тек оқушылармен ғана емес, ата аналармен де жұмыс істеп, оларға барынша қолдау білдіріп отыр.

Румхан Айдарбекова, қазақ тілі пәнінің мұғалімі:

– Ата-аналармен үнемі байланыстамыз, өйткені ата-аналарға да бұл оңай шаруа боп тұрған жоқ.

Атырау облысында 130 мыңға тарта оқушы бар. Олар интернет жүйесі, білім берудің басқа да тұғырнамасы арқылы дәріспен қамтылуы тиіс. Шалғайда тұратын 250 оқушы  пошта қызметін пайдаланады. Өткен каникул кезінде мұғалімдер ата-аналармен түсінік жұмыстары жүргізіліп, алғашқы сынақтар тапсырылды. Қашықтан оқыту жүйесі бойынша туындаған проблемалар облыстық білім беру басқармасы жанынан құрылған орталық арқылы біртіндеп шешіледі.

Ақкенже Исламбергенова, облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Жалпы, облыста 11041 балаға компьютер жетіспейтіні анықталды.  Біріншіден, мектептердегі барлық 7172 компьютерді балаларға келісімшарт арқылы бердік. 2219 компьютерді жергілікті бюджет арқылы сатып алу мәселесі қазір жүргізіліп жатыр. Көп балалы ата -аналар бар. Оларды бір емес, екі компьютермен қамтығалы отырмыз.

Осылайша төртінші тоқсанның алғашқы сабағы басталды. Әрине, әлемді жайлаған жұқпалы індеттің салдары барлық салаға да тиіп жатыр. Тек оны ұйымшылдықпен, халыққа залалы аз тиетіндей етіп жүзеге асыру басты мақсат болмақ.

Авторлары: Арыстанбек Кенже

Хабар 24 телеарнасы