399,51 448,90 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Президенттің мәлімдемесі кәсіп иелерінің алаң көңіліне сенім ұялатты

  • 193
  • UPD: 22:57, 06.04.2020
Президенттің мәлімдемесі кәсіп иелерінің алаң көңіліне сенім ұялатты

Әлемді қыспаққа алған індеттен кәсіпкерлер қып-қызыл шығынға бататыны белгілі. Осыны ескеріп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тақауда телевизия арқылы жасаған мәлімдемесінде кәсіпкерлерге қолдау кем болмайтынын жеткізді, деп хабарлайды «Хабар 24»

Нақтырақ айтсақ Президент Үкіметке шағын және орта бизнес өкілдерін биылғы 1-ші қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатуды тапсырды. Мұның сыртында ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерге бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінбек.

Вирус бәрін үйге қамады. Көптің көңілін күпті етті. Әсіресе экономикаға оңай соқпады. Егіс науқанында тіпті. Сондықтан наурыздың соңында Президент теледидар арқылы мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы Үкіметке жанармайдың нарықтық бағасын он бес процентке арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндетін жүктеді. Осы пәрменнің нәтижесінде 390 мың тонна жанармай жеңілдікпен сатылатын болды.

Жигули Дайрабаев, Қазақстан фермерлері қауымдастығының басқарма төрағасы:

– Қасым-Жомарт Кемелұлының жасаған үндеуі бүгінгі қалыптасқан дағдарыс жағдайында өте орынды. Фермерлерге 5-6 пайызбен несие беру туралы 70 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Ол бірінші жағдай. Екінші жағдай, ол мына дағдарысқа қарсы ауыл еңбеккерлерін, фермерлерді қолдауға 100 млрд теңге ақшаны тағы қосымша бөліп отыр. Бұл жасыратыны жоқ, қуантарлық жағдай.

Нақтырақ айтсақ, Мемлекет басшысының шешімімен мұқым ауыл шаруашылығымен айналыстан кәсіпкерлерге 70 миллиард, ал егістік жұмыстарына қосымша 100 миллиард теңге бөлінбек.

Рүстем Құрманов, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі:

– Аграрлық несие корпорациясы арқылы 70 млрд теңге бөлінді. Мұның жылдық мөлшерлемесі 5 процент. Әлемдік ахуалға байланысты жанармай, техникалардың саймандары қымбаттады. Сондықтан егіс жұмыстары іркілмес үшін Президент біздің салаға қосымша 100 млрд теңге бөлуді тапсырды. Бұған дейін мұндай көлемде қаржы бөлінбеген.

Серік Рахымбаев,  «Астана агроөнім» ЖШС директоры:

– Президент атаған қаражат егіс науқанын уақытылы жүргізуге мүмкіндік береді. Одан бөлек, несиесі бар шаруалардың банктерге қарызн өтеу мерзімін ұзартуы да біразын қуантты. Бұл – Мемлекет басшысы мен Үкіметтің коронавирусқа қарсы жасап жатқан нақты шараларының айқын көрінісі.

Жалпы, бұл айтылған шаралар қазіргідей күрделі кезеңде азаматтар мен отандық бизнесті қолдау үшін аса қажет. 

Авторы: Қорған Төреқожа

Хабар 24 телеарнасы