432,23 508,50 5.48
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысындағы ауыл мектептері қашықтан оқытуды қолға алды

  • 458
  • UPD: 20:19, 07.04.2020

Қашықтан оқыту ауыл мектептері үшін таңсық дүние емес.

Ұстаздар біліктілікті арттырып, түрлі конференция, семинарларға қатысу үшін ақпараттық технологияның көмегіне жүгінеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқушыларды пән олимпиадаларына дайындау үшін де осы жүйе қолданылатын. Мәселен, Павлодар облысының Май ауданында мектеп оқушылары толықтай компьютерлермен қамтылып, ғаламтор желісіне қосылған.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Жоғары сынып оқушыларына жас маман Жәния Сәрсекеева биология пәнінен сабақ  береді. Бүгін 4 сабақ қашықтан өткізілді. Әр сабақтың ұзақтығы 30 минут. Оның 10 минуты Zoom бағдарламасы арқылы тақырыптың мазмұнын түсіндіріп, оқушыларға тапсырма беруге жұмсалды. Одан кейін балалар сауалдарға жауап берді.

Жәния Сәрсекеев, биология пәнінің мұғалімі:

-Бірінші орынды Шыңғыс иеленді. Екінші орында Назерке және де үшінші орында Аружан болды. Осы үш оқушымыз бүгінгі тақырыпты жақсы түсінді, меңгерген деп білетін боламыз. Ал, қалған оқушыларға тағы да қосымша жұмыс жасау керек.

Бұл ұстаздар мен оқушылар үшін алғашқы тәжірибе. Кемшін тұстары да жоқ емес. Кейбір оқушылар интернет желісіне қосыла алмай жатты. Оларға ұялы телефонмен бейнеқоңырау шалынып тапсырма жекелей түсіндіріледі.

Жәния Сәрсекеев, биология пәнінің мұғалімі:

- Жаңа тақырып болған соң қысқаша түсіндіріп өттім. Қалған жұмысты балалар өздері орындады. Одан кейін маған WhatsApp желісі арқылы өздерінің істегендерін жіберіп отырды. Сол арқылы кері байланыс жасалды.

Жалпы үйдегі сабақ ата-аналарға жауапкершілік жүктейді. Бұған дейін мектеп әкімшілігі ата-аналармен онлайн-жиналыс өткізіп, Телеграмм, Zoom бағдарламасы, Skype, тіпті WhatsApp арқылы да байланыс орнатуға болатынын жан-жақты түсіндірген. Бір сөзбен айтқанда, ақпараттық технологиялардың мүмкіндігін барынша пайдаланатын уақыт келді.

Ардақ Қойлыбаева, ата-ана:

- Бұл жерде енді барлық міндет ата-аналарға жүктеліп отыр. Егер ата-ана жауапкершілікпен қараса, баланың білім сапасына ешқандай әсер етпейді.

Мұғалімдер алғашқы күні атқарған жұмыстары бойынша мектеп директорына есеп берді. Малайсары мектебінде 125 бала бар. Оларға 24 мұғалім дәріс береді. Барлық оқушылар мен ұстаздар компьютерлік техника және ғаламтар желісімен 100% қамтамасыз етілген. Күнкөрісі төмен бес отбасына білім бөлімі тарапынан жағдай жасалыпты.

Анар Жетыбаева, мектеп директоры:

- Біздің оқушылар осы қашықтан оқыту бойынша тез бейімделіп, тез үйренген сияқты. Себебі бір жыл бойы балалар осы қашықтан оқытудан әртүрлі сайыс, әртүрлі олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, жақсы бір нәтиже көрсетуде.

Жалпы Май ауданы бойынша 13 мектеп бар екен. Олардың  үшеуі негізгі, қалғаны жалпы білім беру мектебі. Оқушылардың жалпы саны екі мыңға жуықтайды. Аудандағы барлық мектептер қашықтан оқытудың әдіс –тәсілдерін жетік меңгеріпті. Көктемгі каникул  кезінде ата-аналар мен ұстаздар дайындықтан өткен.

Айнагүл Жиренова, Май аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары:

- Қашықтан оқытуға оқушылар мен ұстаздар дайын болды. Тек компьютер мен интернет желісі кейбір үйлерде жоқ болып шықты. Осыған байланысты біз жергілікті атқарушы билік, мектеп әкімшілігімен бірлесіп, көмекке мұқтаж отбасыларына компьютер таратуға шешім қабылдадық.

Май ауданы бойынша төтенше жағдай кезінде 350 отбасына компьютер берілді. Ол аз қамтылған және көп балалы отбасылары. Сонымен қатар 34 мектеп мұғаліміне компьютер алынды. Тағы бір айта кететін жәйт, Малайсары ауылдық мектебінде оқушылар кітап оқудан жарысады. Оларға демеушілер тарапынан ынталандыру сыйлығы тағайындалған. Бүгінгі таңда бәйгеге тігілген 9 велосипедтің екеуін үздік шықан екі оқушы жеңіп алды.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы