418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістандағы құрылыс алаңдарында санитарлық талаптар күшейтілген

  • 296
  • UPD: 21:47, 07.04.2020

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев аймақтағы құрылыс алаңындарын аралап, жауапты мамандарға жұмысты бәсеңдетпеуді тапсырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ сақтық шаралары барынша күшейтілуі тиіс.

Қазір Түркістандағы барлық құрылыс алаңдарында санитарлық талаптар мен сақтық шаралары күшейтілген. Таңертең құрылыс алаңына келген әрбір жұмысшы медициналық тексеруден өтуден өтіп, дене қызуын тексертеді. Одан соң қолын антисептикпен зарарсыздандырады. Төтенше жағдай тәртібі мен арақашықтықты сақтай отырып, одан кейін ғана өз жұмысына кіріседі.

Гүлжанар Тасқынбаева, құрылыс компаниясының өкілі:

- Қолдарын жиі сабындап жуу, оның барлығы айтылады. Медбикеміз күнделікті оларды тепловизор арқылы температураларын өлшейді, қолдарын спреймен зарарсыздандырады. Жұмыстың арасында күні бойы медбике екеуміз тексереміз. «Арасында өзін жайсыз сезініп жатқандар бар ма, жоқ па» деп бақылап, көріп қайтамыз.

Ақылбек Ұласханов, құрылыс компаниясы өндіріс бөлімінің басшысы:

- Қазіргі болып жатқан келеңсіз жағдайлар біздің жұмысымызға ешқандай кері әсерін тигізбейді. Біз барлығын өз уақытында құрылыс-монтаж жұмыстарын бітіріп, аяқтауға тырысамыз. Үлкен-үлкен ғимараттар салынуда, олардың барлығы Түркістан қаласының дамуына, көркеюіне өз әсерін тигізеді деп ойлаймын.

Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев құрылыс нысандарын аралап, елдегі төтенше жағдайға қатысты талаптар мен сақтық шараларының қатаң сақталуын тексерді. Мердігерлерге құрылысқа қосымша жұмыс күшін тартуды тапсырды. «Қауіпсіздік ережелері дұрыс сақталып, сақтық шаралары қатаң бақылансын. Құрылыстың сапалы аяқталуын, мерзімінде тапсыруды қадағалаймыз», деді. Қандай жағдай болмасын, құрылыс жұмыстары тоқтамайтынын ескертті.

Қосман Айтмұхаметов, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

- Ахуал Түркістан қаласы бойынша тұрақты құрылыс саласында. Бас санитарлық дәрігер шектеу бойынша қосымша шаралар қосты. Бірақ ол құрылысқа ешқандай зиянын келтірмейді. Жұмысшылардың сұрайтыны – «құрылыс тоқтап қалмасын. Біз жұмыссыз қалмайық, отбасымызды асырап жатырмыз», дейді. Карантин енгізбей, біз құрылысты тоқтатпаймыз.

Биыл Түркістан қаласындағы 15 нысанның құрылысы толық аяқталады. Алдағы мамыр айында Тұңғыш Президент саябағы мен орталық аллея пайдалануға беріледі. «Әзірет Сұлтан тарихи-мәдени қорық музейінің аумағы абаттандырылады. Қаланың әкімшілік-іскерлік және рухани-мәдени орталығында басқармалар мен департаменттер үйі, «Конгресс орталығы», «Нұр-Сұлтан алаңы», оқушылар сарайы, стадион, бассейн, драма театры, ғылыми-әмбебап кітапхана, «Ұлы дала елі» орталығы сияқты бірнеше нысан ел игілігіне тапсырылады. Сондай-ақ 7 қабатты 24 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар 5157 пәтерлі, 12 қабатты 73 тұрғын үйдің құрылысын басталды. Жыл қорытындысымен Түркістан қаласында 420 пәтерлі 9 тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспарланған.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы