411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында кеселдің етек жаюына байланысты шектеу шаралары күшейтілді

  • 221
  • UPD: 12:31, 08.04.2020

Қызылорда облысында коронавирустың жылдам таралуына байланысты шектеулер аясы кеңейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Індетпен күрес шараларын ұйымдастыру және ақпараттарды талдау мақсатында құрылған call-орталықтың да жұмысы қызып тұр. Мұндағы мамандар күн сайын 200-ден 400-ге дейінгі түрлі сауалға жауап беріп отыр.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

– Сall-орталық пен сараптамалық бөлімде облыс әкімдігіне қарасты 9 басқарма мен қаржы институттарының және санитарлық қызмет өкілдері үзіліссіз, тәулік бойы жұмыс істеп отыр. Әр маманның қасында бір-бір телефон мен алдында компьютері бар. Мұндағы қызметкерлер арнайы кезекшілікпен сан салаға қатысты жүздеген сауалға жауап береді әрі ақпараттарды сараптайды.

Көбіне тұрғындарды мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы мен блок-посттардан өту ережесі және карантин талаптары туралы мәселелер толғандырады екен. Ал мына мониторда коронавирусқа қатысты ресми мәлімет сәт сайын жаңарып, көрсетіліп тұр. Сондай-ақ індетке қатысты өңірдің ақпаратын мына арнайы жаңадан ашылған сайттан көруге болады. Мәселен, дәл қазір облыс бойынша 69 адам COVID-19-ға шалдыққан. Және қай ауданда қанша науқас тіркелгені, олармен байланыста болғандардың саны мен соңғы эпидемиологиялық ахуалды осы жерден білуге болады.

Бүгінге дейін төтенше жағдай режимін бұзу бойынша 176 дерек тіркелді. 51-не әкімшілік айыппұл салынса, 58-і әкімшілік қамауға алынған. Карантин ережесін ескермеу салдары өңірдегі індеттің өршуіне себеп болғаны рас. Сондықтан облыстың бас санитары шектеу шараларын бүгіннен бастап тағы да қатаңдатты. Кешкі 21.00 ден таңғы 06.00-ге дейін қалада адамдардың жүруіне мүлдем тыйым салынды. Азық-түлік дүкендері, сауда үйлері сағат 10.00-нан 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Ақмешіт — Мерей, Шанхай, Аспалы көпір, Тасбөгет кенттерінің тұрғындары патрульдік полицияның қадағалауымен ғана қала аумағына кіретін болады. Қажеттілігіне қарай тек әр үйден бір адам шыға алады. Дәріханалардың жұмысына шектеу жоқ. 55 жастан асқан тұрғындар мен жасөспірімдерге көшеде жүруге тыйым салынады. Қоғамдық көліктер 10.00 ден 20.00 ге дейін ғана жүреді. Оның өзінде  дезинфекция талаптары қатаң қадағаланбақ. Тұрғындар көшеде енді бетпердесіз жүре алмайды.

Хабар 24 телеарнасы