422.97 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысында күн райы күрт құбылды

  • 289
  • UPD: 12:29, 08.04.2020

Қостанай облысындағы кешегі күнгі қатты боранның зардабы орасан. Желдің екпіні ағаштарды түбірімен жұлып, бетон бағандарды құлатты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әр жерден электр желілері үзіліп, бүтін қала қара түнек құшағында қалды.

Мағауия Қалиев, тілші:

– Қостанайлықтар кеше бұрың-соңды болмаған боранды бастан өткерді. Көктемнің жайма-шуақ күні кенеттен бұзылып, алай-түлей боранға ұласты. Желдің жылдамдығы секундына 30 метрге дейін жетті. Соның салдарынан ағаштар тамырымен жұлынып, бетон бағандар құлады.

Электр желілері үзілді. Әлеуметтік нысандардың да зақымданғаны бар. Әлеуметтік желілерден байқағанымыздай, Жітіқара, Рудный, Лисаков, Қостанайда  бірқатар ғимараттың шатырларын жұлып әкетіп, қорашауларын құлатқан. Бірақ ресми органдар қанша зардап келгендігі жөнінде қандай бір ақпарат беруден бас тартып отыр. Түс ауа боранның тіпті күш алғаны соншалық адамдардың жұмыстан үйге жетуі мұң болды. Себебі барлық қоғамдық көлік, таксилер жүре алмай қалды. Жол бойында қалған көліктер қаншама. Бір сөзбен айтқанда, Қостанай қаласы түстен кейін жарықсыз, сусыз, байланыссыз қалды. Қамсыз  отырған халық кешқұрым су, шам іздеп дүкен аралап, көше кезіп кетті. Қар ерітуге мәжбүр болғандары бар. Кешегі күннің ішінде 100-ден астам жол көлік апаты болған. Соның жартысы Қостанайдың өзінде. Сыртқы жолдардың дер уақытында жабылғанына байланысты далада қалғандар жоқ.

Түні бойы қала ішінде сегіз энергетиктер бригадасы жұмыс істеді. Соның арқасында түнгі сағат 3-4 кездерінде қаланың орталық бөлігіне жарық, су берілді.  Бірақ кейбір шағын аудандар әлі де жарықсыз отыр. Боранның келтірген зардабы есептеліп жатыр. Білетіндердің айтуынша, шығын бірнеше миллиондап саналады.

Хабар 24 телеарнасы