422.97 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанайда бораннан келген зардапты арнайы штаб есептейді

  • 351
  • UPD: 20:32, 08.04.2020

Қостанайда да алай-түлей боран соғып, жұрт әлекке түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Табиғат апатының салдарын жою үшін мұнда да арнайы штаб құрылды. Қазір қалаға жарық пен су берілді, бірақ кейбір шағын аудандарда жағдай әлі мәз емес. Жергілікті билік барлық мәселені бүгін-ертең шешеміз деп отыр. 

Бір күн бұрын мұндайды ешкім күтпегені анық. Жаймашуақ, жадыраған жаз сияқты еді, түн ауа күннің райы күрт бұзылды. Алдымен қар жауып, оның арты алай-түлей боранға ұласты. Желдің жылдамдығы секундына 48 метрге дейін жетіпті. Білетіндер бұрын-соңды мұндай жағдай болған емес деп отыр. Желдің екпіні ағаштарды түбірімен жұлып, бетон бағандарды құлатты. Электр желілері зақымданды. Көлік қозғалысы қиындап, адамдардың жұмыстан үйге жетуі мұң болды.

Сағижан Кәмешов, қала тұрғыны:

– Көшеде автобус жүрмейді. Жол тазартатын трактор жоқ. Жарық жоқ. Үйде су жоқ. Бәріміз боранның кесірінен қиналып отырмыз.

Кеше Қостанайда қар суын пайдалануға мәжбүр болғандар аз емес. Кейбірі су ағар құбырларының астына ыдыстарын тосты. Ал енді мүмкіндігі бары дүкен аралап, көше кезді. Сол күні ең сұранысқа ие болған тауарлар – нан, су, шам. Ең қиыны ұялы байланыстың жұмыс істемегендігі. Жылусыз, сусыз қараңғы түнек құшағында қалған жұрт не істерін, не күтерін білмей дал болды.

Ангелина Синева, қала тұрғыны:

– Шынымен өте қорқыншыты. Қала жарықсыз, жылусыз, сусыз қалды. Жақындарымызға да хабарласып, жағдайларын біле алмай отырдық. Бізде әлі жарық, су жоқ.

Жергілікті билік қарап отырды деуге келмес. Кеше энергетиктердің сегіз бригадасы ақауларды жөндеумен болды. Түнгі сағат 3-4 кезінде облыс орталығының бірқатар бөлігіне су, жарық берілді. Бірақ бәріне емес.

Әнуарбек Қасымов, қала әкімінің орынбасары:

– Қазіргі кезде әзірге Әуежай және Қостанай-2 шағын аудандары жылусыз отыр. Соңғысы дизель станциясына қосылды. Кейбір тұстарда электр желілері жөнделіп жатыр. Бүгін толық іске қосылуы тиіс. Зақымданған 21 бильборд пен 48 бағдаршам осы аптаның соңына дейін қалыпна келтіріледі.

Кешегі қарлы боран облыс аумағының жартысына жуығын қамтыды. Оның залалы әсіресе ірі қалаларда байқалды. Алайда облыс бойынша қанша ғимарат, нысандардың зақымданғандығын, қанша шығын келтірілгендігін жауапты органдар жария етпей отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы