411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында жиілеп кеткен дала өрттері елді мекендерге қауіп төндіріп тұр

  • 179
  • UPD: 18:32, 08.04.2020
Павлодар облысында жиілеп кеткен дала өрттері елді мекендерге қауіп төндіріп тұр

Ертіс өңірінде өрт оқиғалары жиілеп кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы үш апта ішінде 140 дерек тіркелсе, оның басым бөлігі – дала өрті. Қызыл жалын шарпыған алқап 3 мың гектардан асқан. Соңғы тәулікте Шарбақты ауданында мың гектардай жер өртенген. Тілсіз жаудың тез таралғаны соншалық, ауданның Қосқұдық елді мекеніне қауіп төнді. Салдарынан 10 бала мен төрт ересек азамат Шарбақты ауданына эвакуцияланды. Ал ауылда қалған ер азаматтар еріктілер қатарына қосылып, өрт сөндіруге жұмылды. Өкінішке қарай, 52 жастағы тұрғын зардап шекті. Қазіргі уақытта ол аудандық ауруханада емделіп жатыр, өміріне қауіп жоқ. Бұдан бөлек, Шарбақты ауданының Ресеймен шекаралас аумағында да дала өрті тіркелді. 240 гектардай жер отқа оранды. Төтенше жағдай қызметінің жедел әрекетінің арқасында қызыл жалын тоқтатылды.

Ернұр Өтегенов, облыстық ТЖД бастығы:

– 30 тұрғынның 16-сы сол ауылда қалды. Оның көбі өртті сөндіруге өзінің ықпалын тигізді. Сол істердің арқасында 1 жарым километр қашықтықта өрт сөндіріліп, күштер жұмылдырылды. Атап айтсақ, сол ауданның өрт сөндіру бөлімінің үш техникасы, «Галкино» орман шаруашылығының мекемесінен техника жұмылдырылды.

Хабар 24 телеарнасы