425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елорданы көгалдандыруда көпжылдық гүлдерге басымдық беріледі

  • 343
  • UPD: 21:05, 08.04.2020

Елорда гүлмен көмкеріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамыр айының орта шенінде мұнда көгалдандыру жұмыстары басталмақ. Бағбандар маусым айына дейін бас шаһардың 4 ауданына 6 миллионнан астам гүл егуді жоспарлап отыр. Бұл шамамен 150 мың шаршы метр аумақ. 

Жайнагүлдің қаланы гүлдендіруге тура мағынасында үлес қосып жүргеніне 10 жылдан асты. Моңғолия тумасы Қазақстанға 1992 жылы мектеп оқушысы кезінде қоныс аударған. Жылыжайда гүл өсіру, суғару және баптау қызметінде жинаған тәжірибесін үйінде де пайдаға асырады. Алдағы уақытта осы сала бойынша шағын кәсібін дөңгелетуді жоспарлап отыр.

Жайнагүл Дәулет, жылыжай қызметкері:

– Гүл біткеннен кейін күзде ағаш отырғызамыз. Өз жұмысым ұнайды, ешқандай қиыншылық жоқ. Әбден үйреніп алдық.

Қаланы көгалдандыру бойынша көпжылдық гүлдерге басымдық беріледі. Мәселен, олардың арасында қазтамақ яғни герань және ашық түсті канна да бар. Тұқым егу, гүл күтіміне қарау бойынша өмірінің едәуір бөлігін арнаған Бибігүл Бектемісованың айтуынша, жылыжай қызметіне бақандай 70 жыл толды.

Бибігүл Бектемісова, «Астана-көгалдандыру құрылысы» ЖШС бас директорының орынбасары:

– Өздеріңіз көріп жүргендей, жылдан жылға бір-біріне ұқсамайды. Қазақтың дәстүрімен ою-өрнектер саламыз. Көп кісілер ойланып қалады. Қолмен де бұлай тігу мүмкін емес дейді. Енді астана көгалдандыру мекемесінің қызметкерлері осы істеп солай көрсетеді. Сондықтан да біз қала тұрғындарының көңілдерін көтеру үшін жанымызды саламыз. Осы саладағы жұмысшыларымызға ризамыз.

Айта кеткен жөн, жалпы аумағы 33 мың шаршы метрді алатын жылыжай кешенінде 30-ға жуық секция бар. Онда гүлдің 70 түрі өсіріледі.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Есбол Жамшитов

Хабар 24 телеарнасы