399,51 448,90 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыдағы жылыжайларда санитарлық талаптар күшейтілді

  • 158
  • UPD: 23:53, 08.04.2020

Алматыдағы жылыжайлардың да жұмысы қызып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені қазіргідей жағдайда азық-түлік өндірісін тоқтатуға болмайды. Қаладағы осындай нысанның бірі тәулігіне 30 тонна өнім өндіреді.

Жылыжайдағы санитарлық талаптар әу бастан жоғары. Ал коронавирус инфекциясы шыққалы бері тіпті күшейтілген. Антисептик бұрыннан қолданылып келсе, енді кез келген адамның дене қызуы тексерілетін болған. Кіреберіске, жатын және демалыс бөлмелеріне ультракүлгін шамдары қойылған. Сақтық шаралары жұмысшылар үшін де, өсімдік үшін де маңызды.  

Ұлан Нарынбек, тілші:

– Әрине коронавирустың көкөніс үшін ешқандай зияны жоқ. Бірақ қияр мен қызанақ үшін қауіпті өзге де вирустар жеткілікті. Сондықтан санитайзермен қолыңызды жумайынша, турникет ашылмайды.

Жылыжайда қызанақтың бірнеше түрі мен қияр өсіріледі. Баялды мен бұрыш та бар. Қазір күніне 30 тоннаға дейін өнім жинап отыр.

Шәкен Бөлекбаев, жылыжай директорының орынбасары:

– Карантин уақытысына байланысты біз сәл ширадық деп айтсақ болады. Өндірісті тоқтатқан жоқпыз. Шыққан қызанақ, қиярлардың барлығын қалаға жіберіп жатыр.

Карантин режимінің енгізілуіне байланысты компания басшылығы облыстан қатынайтын біраз жұмысшысын жатын орымен қамтамасыз еткен. Дегенмен іргелес ауылдарда тұратын 40-қа жуық адамды еңбек демалысына жіберуге мәжбүр болыпты. Жағдай түзеле салысымен оларды қайта аламыз дейді. Әзірге күнделікті жоспарды осында қалған жұмысшылар орындап отыр. Артық жұмыс істегендері үшін оларға қосымша төлемақы беріледі.

Сандуғаш Аманжолова, жылыжайдың агрономы:

– Осы жағдайға қарамастан, жұмысшылардың жұмысқа деген құлшысыны, қарқыны жоғары деңгейде. Барлығымыз қолымыздан келгенше атсалысып, көмектесіп жатырмыз.

Жылыжай иелері бір жыл бұрын онлайн сатып алу жүйесін енгізіпті. Балауса көкөністі сағынғандар үйінде отырып-ақ тапсырыс бере алады.

Шәкен Бөлекбаев, жылыжай директорының орынбасары:

– Екі операторымыз отыр. Солар сұранысты қабылдайды. Қазір сұраныстар көбейіп жатыр. Оны бүгін қабылдасақ, ертесіне жеткізіп беріп жатыр.

Алматының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бұл жылыжайдың маңызы зор. Қазіргі аумағы 12 гектар болса, алдағы уақытта тағы 8 гектарға үлкейтуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы