411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шығысқазақстандықтар уақытша шектеуді қалай қабылдады?

  • 118
  • UPD: 11:08, 09.04.2020

Шығыс Қазақстандағы Семей мен Өскемен қалаларына шектеу шаралары енгізілгеніне бір апта болды.

Жалпы екі шаһардағы бақылау-өткізу бекетінде тәулігіне 3500-4000 мыңға жуық көлік тексеріліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындар өздеріне берілген рұқсатнамалар арқылы қатынап жүр. Жалпы аймақтағы жағдай қандай? Арна тілшісі Эльмира Ахметовадан сұрасақ.

Диктор:

- Эльмира, халық шектеуді қалай қабылдады? Тәртіп бұзу деректері де тіркеліп жатқан болар қазіргі кезде?

Эльмира Ахметова, тілші:

- Естеріңізге салайық, өлкеміздегі екі қала Өскемен мен Семейге 2 сәуір күні 15 өткізу пункті қойылған болатын. Сөйтіп, шаһарларға кіріп-шығуға шектеу қойылды. Содан бері ол жердегі жұмыс қарқыны бірде-бір рет бәсеңсіген емес. Біз жұмыс барысымен жүріп байқағанымыздай, блок-бекеттердің маңында үнемі қарбалас.

Өткізу пунктерінің қайсы болмасын тәуліктік режімде, яғни, күні-түні жұмыс істеуде. Ол жерде санитарлық дәрігерлер, арнайы жасақ, полиция қызметкерлері, әскерилер бар жалпы 15 шақты маман жұмыс істеп, қалаға кіретін немесе шығатын көлік жүргізушілері мен жолаушыларды бақылауда.Олар 12 сағатта бір ауысып отыр. Осы бір тынымсыз қызмет иелері волонтерлер назарынан да тыс қалмады. Қаланың белсенді жастары бірігіп, «Жылу сыйла» акциясын ұйымдастырды. Осылайша, олар қар мен жаңбырға, суық пен ыстыққа қарамай, қала қауіпсіздігін күзеткен блокпост басындағы қызметкерлерге ыстық тамақ бауырсақ таратып, өз қолдауларын көрсетті. Сонымен қоймай, көлік жүргізушілеріне індеттен сақтану жайлы жадынамалар таратып шықты. Жалпы волонтерлер дәл бүгінгідей төтенше жағдай кезінде қарттар мен мүгедектерге де қол ұшын созуды да үзбей жалғастырып келеді. Дәл осындай қамқорлық көрсетумен қазір Семей мен Өскеменде жалпы 100-ден астам волонтер айналысып жүр. Жастардың бұдан әрі қандай жоспарлары бар екенін білу үшін біз қыз жігіттерді жұмылдырып жүрген Арайлым Есімбекованы әңгімеге тартпақпыз.

Арайлым Есімбекова, ШҚО Жастар ресурстық орталығының директоры:

- Әрине, бүгінгідей қысылтаяң кезде барлық жауапты мамандар сапта тұрған сәтте жастардың қол қусырып отырған жарамайды. Біз бүгінгі қайырымдылық қолдау шараларын одан әрі жалғастырамыз. Мәселен алдағы уақытта сүт өнімдері кәсіпорындарының демеуімен медициналық қызметкерлерге қауіпті дертті жеңуге атсалысып жатқан дәрігерлерге сүт және сүт өнімдері себетін сыйлауды жоспарлап отырмыз.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Ал волонтерлердің өздері қаншалықты қорғаныш заттарымен қамтылған?

Арайлым Есімбекова, ШҚО Жастар ресурстық орталығының директоры:

- Ол жағы қатаң бақылауда. Жігіттер мен қыздардың әрбірінде маска тағуы, үстілеріне қорғаныш костюм киюі міндетті. Өйткені біз біреуге көмектесіп, қолдау көрсеткіміз келсе, өзіміз де сақ жүруіміз керек және өзгелерге үлгі көрсетуіміз керек.

Диктор:

- Эльмира сіздерде қазір бүкіл қозғалыс рұқсатнамаға тәуелді. Барлығы қамтылды ма бұл уақытша құжатпен?

Эльмира Ахметова, тілші:

- Қазір Семейде де Өскеменде де бейсауыт жүріске жол жоқ. Әр жаяу жүргінші болсын, көлік жүргізушісі болсын, өзінің қайда не үшін бара жатқанын түсіндіре алуы керек.

Сондықтан көшеде қозғалыс азайды. Демалыс күндері тіпті босап қалады, өйткені ондай күндері жеке көлікпен жүруге мүлдем болмайды. Ал бос көшелер мен саябақтарды, үлкен даңғылдарды әскерилер дезинфекциялап жүр. Кісі аяғының аз болуы зарарсыздандыру жұмыстарын жүйелі жүргізуге ықпал ететіні сөзсіз. Ал, қаладағы әр отбасы тақ немесе жұп санған сай келетін карточкаларын алып, сол бойынша керекті жерлеріне қатынап жүр. Көлік жүргізушілері де көбінесе тақ немес жұп күндері ғана жүріп-тұруға тырысуда. Жалпы рұқсатнамаға келсек, Өскемен қаласы бойынша 160 мың рұқсат қағаз үлестіріліпті. Бұған қоса, тағы 8 мың рұқсаттама қағаз қаланы дәрі-дәрмек немесе азықпен қамтитын кәсіпкерлерге таратылды.

Қоғамдық көліктер ағыны да 80%-ке уақытша қысқарды. Және бұл көліктерге қазір бетпердесіз отыруға тыйым салынған, тіпті олай отырсаңыз, айыппұл төлеуге дейін барасыз. Қаладағы алпауыт зауыттар мен кәсіпорындардың жұмысшылары арнайы бөлінген автобуспен сақтық шараларын ескере отырып, жұмысқа тасымалдануда.

Хабар 24 телеарнасы