430,39 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Коронавируспен күрестегі дәрігерлер үстемақы қосылған еңбекақыларын ала бастады

  • 772
  • UPD: 17:15, 09.04.2020

Коронавируспен күрестегі дәрігерлер үстемақы қосылған еңбекақыларын ала бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың арасында шығысқазақстандық мамандар да бар. Олар кімдер және қанша үстеме ақы алды?

Диктор:

- Дәрігерлердің жалпы жағдайы қалай? Қауіпсіздік тұрғысынан қорғалған ба? Төтенше жағдайдағы шектеулер кезінде дәрігерлердің қажеттілігі тіпті артады. Мысалы, жүкті аналардың облыс орталығына жетуі немесе босанған аналардың емханадан шығуы, тіпті үйіне жетуі. Осының бәрі тиісті мамандар назарында болар?

Эльмира Ахметова, тілші:

- Иә, біздің аймағымызда жалпы осы сағатқа дейін короновирус індетіне шалдыққан 6 адам тіркеліп отыр. Арасында екі жасөспірім бар. Жалпы осы алты адамның төртеуі Семейде болса, қалғаны осы Өскеменде анықталды. Бір қуанарлығы, бүгінгі күні екі науқастың беті бері қарап қалды. Жақында ғана бұл туралы облыстың денсаулық басқармасының басшылығы хабарлады. Ал Президент тапсырмасына сай жанкешті қызметте жүрген дәрігерлерге үстемақы қосу да өз нәтижесін бере бастады.

Солардың арасында Ана мен бала орталығына қарасты бөлек ғимаратта құрылған провизорлық бөлімше мамандары да бар. Аталған бөлімшеге бүгінгі күні коронавирус індетін жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған азаматтар әкелініп, тексерістен өтуде. Жеңіл тұмаумен түскендер, шетелде болғандардың барлығы осы жерден тексеріліп барып шығарылуда. Сондықтан мұндағы медициналық мамандар бүгінде тынымсыз еңбек үстінде. Жалпы, 50-ге жуық дәрігер мен медбикелер жұмыс істеп жүр. Тіпті олар үйлеріне сабылмау үшін сақтықты күшейтіп, осы маңдағы мейманханада қонып, тамақтануға жағдай жасалыпты. Айтуларынша, өткен айлар бойынша жалпы 85 адам осы жерде сақтықта қорлық жоқ деген мақсатпен қаралып шыққан екен және оларға шығар кезде екі мәртеден індет белгілеріне тест жасалған. Бірде-бірінен коронавирус анықталмаған.

Жалпы, үстемақы елімізде қауіптілігі аса жоғары, қауіптілігі жоғары және қауіптілігі орташа деген үш дәрежеге сай төленіп жатыр. Бұл біз айтқан провизорлық бөлімше дәрігерлері қауіптілігі жоғары санатқа жататындықтан, соған сай үстемақыларын алды. Яғни айта кету керек, бұл – олардың өздеріне тиесілі еңбекақыларының үстіне қосылған сома. Қазір осында үстемақы алған медбикелердің бірімен сұхбаттасқан едік, тыңдап көрейік.

Гуля Омарова, Ана мен бала орталығына қарасты провизорлық бөлімше медбикесі:

Осы жолы наурыз айының жалақысын алдым, сол жалақыға қосымша үкіметтен 425 мың теңге ақша алдық, үкіметке әріптесеріміз атынан алғысымызды айтамыз. Біздің бөлімшеге коронавируспен қарым-қатынаста болған кісілерді әкеледі. Соларға біздің дәрігерлер бірінші көмек көрсетеміз.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Үстемақыны жедел медициналық жәрдем дәрігерлері де алатын болады. Ондай қызметкерлер саны өлкеде 260-тан асып түседі екен. Бұған жалпы 90 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалмақ.

Диктор:

- Эльмира, төтенше жағдай кезіндегі шектеулер кезінде дәрігерлердің қызметі толастамайды ғой. Ендеше жүкті аналардың облыс орталығына жетуі немесе босанған аналардың үйлеріне шығарылуы қалай болып жатыр екен?

Эльмира Ахметова, тілші:

- Әрине, шектеулер өмірді шектей алмасы анық. Сондықтан бұл тұрғыдағы жұмыс тоқтаған емес. Жасыл дәліз тек азық-түлік немесе дәрі-дәрмек тасымалына ғана емес, жас босанған аналардың сапары үшін де арналады.

Мәселен, жақында ғана Шемонаиха ауданына қайта алмай отырған жас босанған ананың жолға шығуына мүмкіндік жасалды. Келіншек шектеу шаралары енгізілген соң босанған екен. Сөйтіп, баласын бауырына басқан әйел енді карантиндік талаптарға орай қаладан шыға алмай қалған. Ананың жағдайынан хабар алған полиция қызметкерлері олардың ауылға жетуі үшін жасыл дәліз ұйымдастырып берді. Сөйтіп жас ананың туыстарын перзентханаға дейін ілесіп әкеледі. Немерелерін перзентханадан шығарып алған соң қуаныштары қойнына сыймаған Калачевтар отбасын қайтадан ауданға шығарып салды. Осылайша, төтенше жағдай кезінде шектеулер тұсында дүниеге келген сәби мен жас келіншек отбасына аман-есен жетті.

Мінекей, дәрігерлер мен полиция қызметкерлерінің қызметі осындай қарбаласпен өрбіп жатыр.

Хабар 24 телеарнасы