Елбасының мақаласы халыққа сенім сыйлады.
Дариға Назарбаева онлайн режимде өткен Сенат отырысында Тұңғыш Президент жариялаған мақалаға осындай баға берді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сенат спикері өз сөзінде: «біз Елбасының Ұлттық қорды құру, экономикамызды әртараптандыру, ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылымды дамыту жөніндегі көреген саясаты өз жемісін беріп отырғанына куә болдық», деді. Сондай-ақ Дариға Назарбаева халқымыз коронавирус туындатқан қиындықтың бәрін жеңетініне сенім білдірді.
Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Елбасының кешегі үндеуі Ұлт лидерінің көрегендігін және өз елінің нағыз көшбасшысы екенін айқын көрсетіп, біздің дағдарысты еңсеру жолындағы іс-қимылымызға тың серпін береді деп барлық сенаторлардың атынан айта аламын. Қазіргідей қиын сәттерде, бізге – барша қазақстандықтарға қоғамдағы бірлігіміз бен ынтымағымызды сақтап қалу өте маңызды.
Айта кетейік, Сенат отырысының бүгінгі күн тәртібінде 8 заң жобасы қаралды. Олар еңбек адамының құқығын қорғау, ұжымдық қауіпсіздік пен терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылды күшейтуге бағытталған.