411,66 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында 60 үйді су басты

  • 198
  • UPD: 20:26, 09.04.2020

Қостанай облысында 60 үйді су басқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындар кеше дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілген. Бүгін жағдай біршама реттеліпті. ІІМ орынбасары осылай деді. Юрий Ильиннің айтуынша, адамдардың барлығы дін аман. Жалпы қар көбесі сөгіліп, жер тоңы жібісе қарғын судың қауіп төндіретіні белгілі. Жылда солай. Ал мамандар тасқынның алдын алуға барынша тырысып бағады. Соның нәтижесінде елді мекендердің біраз бөлігі қар суынан аман қалып жатыр.

Бірлік Берікұлы, тілші:

– «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» демекші, көзге көрінбейтін кесел кеңірдекке кесірін кезегенде, қар суы қағынып, тұрғындарды әбден әбігерге салып жатыр. Елорда іргесіндегі Қараөткел ауылындағы кей үйлердің жағдайы міне, осындай.

Сәбира Мәлібекова бұл үйде 11 жылдан бері тұрады. Осыған дейін мұндай оқиға болмапты. Тек, биыл қардың көп түсуіне байланысты есік алдын су басқан. Волонтерлер бір рет келіп көмек көрсеткен. Алайда қар көбесі сөгілген сайын қарғын су баяғы әдетіне басқан. Айтпақшы, отбасында 82 жастағы әжей бар.

Сәбира Мәлібекова, Қараөткел ауылының тұрғыны:

– Ол кісі енді былайынан тың. Сонда да қиындау. Уайымдаймыз, кіріп шыққан сайын құлап қаламыз ба деп. Үлкен кісі ғой, дегенімен. Қиын боп тұр енді.

Жанұяның күні бір етікке қарап тұр. Сыртқа шығу үшін бір-бірін күтуге мәжбүр. Қар суына алдын ала қамданып, шұңқыр қазған. Пайда жоқ. Ол да толып кеткен. Бұдан бөлек, елді мекенде су басқан 15 шақты үй бар. Ал әкім қол қусырып отырған жоқпыз дейді. Біртіндеп тазартып жатқан көрінеді. Сондықтан қауіп төніп тұрған жоқ дейді.

Саят Қаханов, Қараөткел ауылының әкімі:

– Биыл қыс қатты болды. Өте көп қар түсті. Біз қыстай жұмыстарды ұйымдастырып, ауылдың жолдарын аштық. Содан кейін қар шығару жұмыстары жүргізілді. Сондықтан мынандай қауіпті жерлер биыл, су тасқыны аса көп болған жоқ. Бір өзі 3-4 жер ғана болды. Бүгінде қауіпті жерлердің бәрі жойылды.

Алдын алу шараларына 30 техника мен 50 адам жұмылдырылған. Күндіз-түні ауыл маңын аралап жүреді. Тасқынға тойтарыс беріп, су басқан үйлерді тазартады екен. Тұрғындар жүйелі жұмысқа дән риза.

Манарбек Көкқанат, Қараөткел ауылының тұрғыны:

– Су жиналған кезде әкімге бардық. Көмек сұрап. Әкім бетімізді қайтарған жоқ. Барынша көмектесті. Күні-түні қасымызда. Келіп, осылай жүгіріп жүр. Бүкіл техниканы осында салды. Дер кезінде көмектесті. Үйге су кірмеді. Алдын алу шараларын қолданып жатыр.

Әйтеуір, ел аман. Бұл ауылда баспанасын тастап, бас сауғалайтындай жағдай тіркелмепті.

Ал Қостанай облысында 60 үй су астында қалған. Кеше тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді. Суды тазарту жұмыстары жүргізілді. Бүгін тұрғындардың жартысы үйлеріне оралады. ІІМ орынбасары осылай деді.

Юрий Ильин, ҚР ішкі істер министрінің орынбасары:

– Қазір төніп тұрған қауіп жоқ. Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Тұрғындар дін аман. Үйлеріне қайтарамыз. Жалпы қазіргі таңда еліміздің теріскейінде қар жылдам еріп жатыр. Барлығы жіті назарда болады. Табиғат тосын мінезін көрсетпесе, алаңдайтындай дәнеңе жоқ.

Тосын мінез дегені, солтүстікте сойқан салған дауыл. Онымен қоса қар жауып, нөсерлетті. Қала қозғалысына біраз қиындатты. Қазір жағдай оңалған. Қайта қалпына келтіру жұмыстары жүйелі жүріп жатыр. Қауіп біршама сейілген. Алаңдауға негіз жоқ.

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Айбын Құсанбеков

Хабар 24 телеарнасы