423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында қатты дауылдан бірнеше елді мекен жарықсыз қалды

  • 323
  • UPD: 20:27, 09.04.2020

Соңғы үш-төрт күнде еліміздің бірқатар өңірінде күн райы күтпеген мінез танытты, деп хабарлайды «Хабар 24»

Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында қатты дауыл соғып, төрт жүзге жуық  ғимарат зақымданды.  Ал жеміс ағаштары гүлдей бастаған Шымкент, Жамбыл өңірлері бір күнде ақ ұлпаға оранды. Табиғаттың тосын құбылысы қандай зардап әкелді. Және оны жою жұмыстары қалай жүріп жатыр.

Ақмоладан басталық. Себебі дүлей дауылдың кесірі осы өңірге қатты тиді. Облыс бойынша 210 ғимарат зақымданған. Екпінді жел кейбір нысанның шатырын қаңбақша көтеріп, ұшырып әкеткен. Өкінішке қарай, өлім-жітім де бар. Электр желілері үзіліп, тұтас бір аумақ жарықсыз қалды десе болады. Сол ақауларды жөндеп әлі де үлгіре алмай жатыр. Дауыл зардабын тартқан 189 ауылдың 18-і бүгін үшінші күн жарықсыз отыр.

Қостанайда да Ақмолаға ұқсас жағдай. Көз аштырмас қарлы боран ағаштарды тамырымен жұлып, темір қадалы билбордтарды құлатып, ғимарат шатырларын жұлып әкетті. Барлығы 87 әлеуметтік нысан зақымданған. Облыс әкімі оларды қысқа мерзімде жөндеп бітіруді тапсырды.  Ауыл-аймақты айтпағанда қала ішіндегі кейбір шағын аудандарда әлі күнге жарық жоқ.

Александр Рейзлин, электр желісін тарату компаниясының бас директоры:

– Облыс орталығы мен Қостанай ауданының электр желілері  көп зақымданған. Сондықтан негізгі күш соларға бағытталып жатыр. Ертең аяқтап, сенбі, жексенбі күндері бәрін қосамыз деген ойдамын.

Тараздықтарға да табиғат тосын сый тарту етті. Мұнда жеміс ағаштары гүлдеп түйін сала бастаған еді. Екі күн бұрын басталған жаңбыр қарға ұласты. Бұл кезде әдетте жасыл желекке бөленетін  аймақ әп-сәтте ақ ұлпаға оранды. Бірақ жергілікті халық оны жақсылыққа балап, қуана қабылдады. 

Шынар Қашқынбек, қала тұрғыны:

– Тараз қаласында биыл өзі қар аз жауды. Осы сәуір айында жауғанына өте қуаныштымыз. Табиғат тазарып, ауа тазарып қалатын болды.

Жақсылық Досаев, қала тұрғыны:

– Қар жауа берсін. Мынау жерге ылғал түседі. Егін, шөп көбейеді.

Шымкентте де қар жауды. Бірақ ауа райының бұл құбылысына жергілікті халық қуана қойған жоқ.  Себебі түнімен толассыз жауған қар тұрғындарды әбігерге салды. Қардың қалыңдығынан ағаштар құлап, 30-дан аса жеңіл автокөлік зардап шекті.  Электр желісі зақымданып, 8 мың абонент жарықсыз қалды.  

Ерғали Бақаев, қалалық ТЖД басшысының орынбасары:

– Төтенше жағдайлар департаментінің 80-нен астам жеке құрамы техникасы мен сонымен қоса қалалық коммуналдық шаруашылық электр сеттің қызметкерлерімен барлық жұмыстар жүргізілуде.  Қазіргі таңда оның 1500 қайтадан қосылды.  1-2 сағаттың көлемінде қалаға толық электр жарығын беруге үлгереміз.

Синоптиктер жауын-шашын туралы алдын ала дауылды ескерту жарияланғанын айтады. Қалада қазір жергілікті атқарушы органның апаттық қызметке жауаптылары  келтірілген зардапты жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Дәмір Берікұлы, Нұрбек Байбосын, Руслан Бақытбекұлы Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы