411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында бір ауылдың 40-тан астам тұрғыны коронавирус жұқтырған

  • 622
  • UPD: 21:36, 09.04.2020

Қызылорда облысында соңғы тәулікте 23 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылайша өңірде індет жұқтырғандар саны 90-нан асып кетті. Олардың жартысынан көбі Шиелі ауданынан шығып отыр. Тіпті 43-і бір ауылдың тұрғындары.

Шеген Қодаманов ауылы. Бұл елді мекен бүгінде қауіпті індет өршіп тұрған ошақтың біріне айналып отыр. Бар-жоғы 5 күннің айналасында бір ауылдың 40-тан астам тұрғыны коронавирус жұқтырды. Инфекцияны жұқтырғанын білмеген студент ауылына келген бойда құрбыларына дастархан жайып, қонақ күткен. Карантин талаптарын ескермеудің ақыры COVID-19-дың  өршуіне әкеп соқтырды.

Індет шыққан ауыл карантинге жабылды. Бүгінде Шиеліде барлығы 9 блок-пост қойылған. Дезинфекциялық жұмыстар да қарқынды жүруде. Тіпті өрт сөндіретін көліктерге дейін зарарсыздандыру шараларына жұмылдырылды. Қарым-қатынаста болғандар оқшауланды.

Әлия Әбдіқайымова, облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:

– 199 жақын қарым-қатынаста болғандар анықталып, олардың барлығы стационарға, карантиндік стационарға жатқызылды. Провизорлық стационарда жедел респираторлық инфекциялардың шағымдарымен 7 науқас қазір медициналық көмек алып жатыр. Потенциалды қарым-қатынас дейміз,147 адам олар үй жағдайындағы карантинде.

Облыстағы эпидемиологиялық ахуалдың күннен күнге ушығып бара жатқанын облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы да ашық айтты. Бір тәулікте 20-дан астам адамның вирусты жұқтыруы тұрғындардың жауапкершілікті толық сезінбеуінен, деді мамандар.

Жақсылық Әбдусәметов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Бұл әлі де біздің бейқамдығымыздың, коронавирус індетіне қатысты қалыптасып отырған жағдайға бейжайлығымызды көрсетіп отыр. Өздеріңіз көріп отырғандай. бір адамның өзі ауылдың барлығының да осындай індетінің таралуына әкеліп соқтыруы мүмкін. Ал екінші жағынан қарасақ, әрбір азамат осының алдын алуға отбасын, ауылын, елін аман сақтап қалуына да мүмкіндігі бар екенін көріп отырмыз.

Науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Олармен байланыста болған 1143 адам оқшауланды. Облыс бойынша 35 блок-бекет қойылып, 2 млн 400 мың шаршы метр жер дезинфекцияланды.

Наурыз Байқадамов, облыс әкімінің орынбасары:

– Мемлекет тарапынан жасалып жатқан барлық мемлекеттік шаралардың негізінде бұл қиыншылықтан біз өтеміз. Сондықтан бұл қиыншылықты жеңу билік пен қоғамның арасындағы тығыз түсіністікке тікелей қатысты екенін тағы бір сезіндік.

Айта кетейік, Қызылорда қаласында 1 медбике COVID-19-ға шалдықты. Ол өңірде ең алғаш анықталған науқасқа медициналық бақылау жүргізген. Осы ретте Қызылорда облысындағы алғы шепте жүрген медицина қызметкерлеріне үстемақы бөлу үшін 150 миллион теңгеден астам қаржы қаралып отыр. Қаулыға сәйкес, эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған дәрігерлер  212 мыңнан 850 мың теңгеге дейін алады.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы