Қостанай облысында коронавирус инфекциясының одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында жергілікті бюджет қаражаты есебінен 80 санитарлық автокөлік сатып алынды.
70 техниканы өңірлерге жіберіп, қалған 10-ын Қостанайда қалдыру көзделген. Бұл туралы Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы хабарлады.
Облыс әкімдігі эпидемияға қарсы шараларға 2,1 млрд теңге бөлді. Қаражат медициналық құрал-жабдықтарды, медицина қызметкерлеріне арналған қорғаныш киімдерін және зарарсыздандыру құралдарын сатып алуға жұмсалады.
Стационарларға мына заттар сатып алынады:
60 төсек жанында тұратын монитор;
40 өкпені жасанды желдету аппараты;
20 ларингоскоп;
20 хирургиялық сорғы;
2 қандағы газ анализаторы.
Мемлекеттік қор қаражатынан Қостанай облысына 535 млн теңгеге қосымша жеке қорғану құралдары жіберіледі. Қазіргі таңда өңірде COVID-19 вирусын жұқтырған 3 адам тіркелген.