414,13 452,15 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қашықтан жұмыс істеу шығармашылыққа кедергі емес – павлодарлық өнерпаздар

  • 194
  • UPD: 14:34, 10.04.2020

Ертіс өңірінің мәдени ошақтары 10 күннен астам жабық тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Концерттер мен шығармашылық кештер, спектакльдер мен қойылымдар кейінге шегерілді. Басқасы басқа, бірақ өнерде шектеу жоқ. Әртістер қауымы дайындықтарын үзбей, қашықтан жұмыс істеуге көшкен. Алда ауқымды жобалар мен концерттер күтіп тұр.

Павлодар облысындағы Иса Байзақов атындағы облыстық филармония жанындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің дирижері Талғат Кәрімов қашықтан дайындалу біраз ыңғайсыздық тудырғанмен, шығармашылыққа кері әсерін тигізбейді дейді. Керісінше, жұмысқа жаңа леп әкелмек.

Талғат Кәрімов, Р.Омаров атындағы ұлттық аспаптар оркестрінің дирижері, ҚР мәдениет қайраткері:

– Өнер адамдарының көңіл-күйі жақсы. Әрине, жұмысты сағынады. Біз өнер адамы болғандықтан, халықтың ішінде жүргендіктен, сағынамыз. Дегенмен де, балаларға өздерінің тапсырмасын береміз, қашықтан жұмыс жасалып жатыр. Өзіміздің бағдарламамызды жасап жатырмыз.

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Шығармашылық кештер, концерттер мен байқаулар. Ертіс өңірінің бас концерттік залы әдетте халықтан арылмайтын. Қазіргі таңда әртістер қауымы өз жұмыстарын үйінде жалғастыруға мәжбүр. Барлығы киелі сахнамен қайта қауышуды тағатсыздана күтуде.

Ерлі-зайыпты Раушан мен Айвар – бірнеше қазақ ұлттық аспабын меңгерген музыканттар. 10 күннен астам уақыт бойы үйде дайындалуда. Алдағы уақытта отбасылық ансамбль құрмақ ниетте.

Раушан Накишбаева, И.Байзақов атындағы облыстық филармония қобызшысы:

– Қазір уақыт көп. Домбырада, қылқобызда, жетігенде, сыбызғыда да болсын, ойнауға уақыт бар. Үйде қазір шабыттанып жатырмыз. 

Наталья Процкая, И.Байзақов атындағы облыстық филармония солисі:

– Шыны керек, күнделікті тірлікте демалуға да мұрша болмайды. Кей кездері оқушыларыма да, балама да көңіл бөле алмай қалатыным бар. Қазіргі уақытта онлайн-сабақтар өткізіп, репетициядан да қол үзбеймін. Ән жазып, бейнебаяндар түсіруге де ой келді.

Музыканттардың бір бөлігі қызу дайындық үстінде болса, жас әнші Ерболат Аралбаев әскерді таңдапты. 27 жастағы филармония солисі әскери еріктілердің қатарына қосылып, залалсыздандыру жұмыстарына атсалыссам дейді.

Ерболат Аралбаев, И.Байзақов атындағы облыстық филармония солисі:

– Өнер деген бір бөлек, ал еліне, халқыңа азаматтық борышыңды атқару ол мүлдем бөлек. Ер адамға жеті өнер де аз дейді ғой. Сондықтан әскери білімім бар болғаннан кейін еріктілердің қатарына қосылып, халқымызға, елімізге көмек көрсету ниетімен келдім.

Қазір Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның 200-дан астам әртістің жұмысы онлайн режимде. Осы кезеңде дайындықтан бөлек, сүйікті көрермендері үшін онлайн-концерттер де ұйымдастыруда.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы