413,12 452,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентте коронавирус жұқтырған тағы төрт адам анықталды

  • 124
  • UPD: 18:03, 10.04.2020
Шымкентте коронавирус жұқтырған тағы төрт адам анықталды

Шымкентте коронавирус инфекциясын жұқтырудың жаңадан 4 жағдайы тіркелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бұл науқастардың барлығы осыған дейін індет анықталған азаматтармен тығыз байланыста болғандар. Олардың барлығы стационарлық карантинде медициналық қызметкерлердің бақылауында болған. Инфекцияны анықтау бойынша жүргізілген зертханалық тексеру сынама нәтижелері вирусқа оң нәтиже көрсеткен.

Індетке шалдыққандар 10 және 11 жастағы екі бала мен 54 және 58 жастағы екі ересек азаматтар. Сондай-ақ Денсаулық сақтау басқармасы қалада қосымша екі ошақ тіркелгендігін жеткізді. Дегенмен, бұл ошақтың шаһарда қайда екендігін анықтау мақсатында төтенше жағдай жөніндегі штабына хабарласқанымызбен, оны білу мүмкін болмады. Қазіргі таңда Шымкент қаласында коронавирус инфекциясының жалпы 31 жағдайы тіркелген.

Айгүл Бекбауова, қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Науқастардың жағдайлары қанағаттанарлық, барлығына бекітілген хаттамаларға сәйкес қажетті ем жүргізілуде. Науқастармен байланыста болған 28 азамат анықталды. Олардың барлығы оқшауланып, медициналық бақылауға алынды. Шымкент қаласы бойынша қосымша 2 ошақ тіркелген. Ошақтарда науқастардың тұрғылықты жері бойынша дезинфекция жүргізіліп, карантинге алынды.

Хабар 24 телеарнасы