418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Халқым менен де биік». Бүгін Қаныш Сәтбаевтың туған күні

  • 340
  • UPD: 15:48, 12.04.2020

«Халқым менен де биік». Қазақты осылай әспеттеп, өз елін өзінен де биік қойған қайраткер Қаныш Сәтбаевтың өмірге келген күні бүгін.

Біз оның ағартушы, академик, ғалым, геолог болғанын білеміз. Ал, рухани әлеміне үңіліп көрдік пе? Білетіндер неге оны Бөкейханов пен Байтұрсыновтың ізбасары дейді?

Англияға барған сапары. Сәтпаев пен Черчель кездеседі. Әлгі ағылшынның алып денелі қазаққа таңырап: «Қазақтардың барлығы сіз секілді осындай бойшаң ба?» деп сұрағаны бар. Сонда Қаныш: «О не дегеніңіз?! Менің елім менен әлдеқайда биік» деп жауап берген екен. Ұлтының алдында ұлық басын кішерейте білген Қаныштың қазақты қаншалықты құрметтегенін осыдан-ақ аңғарсақ болады.

Мұрат Жұрынов, ҚР Ғылым академиясының президенті:

Ол энциклодепиялық ғалым. Ол тек ғана өзінің геологиясын біліп қойған жоқ. Ол химияны да білді, металлургияны да білді. Тау-кен инженерлік мамандықтарын игерді. Тіпті тарихқа дейін жақсы білді.

Қаныш Одақтың оспадар саясатын көрді. Сөйте тұра, мүжілмеді, мұқалмады. Ұлтына қызмет қылсам деген ұмтылысы жолына бөгет болғандарды бұза білді. Қазақ даласының қойнауына құт біткенін алғаш сүйіншілеген де осы кісі.

Бақытжамал Айтмұхамбетова, Қ.Сәтбаев атындағы мемориалды мұражай директоры:

20 шақты инситут ашты. Ғылыми-зерттеу институттары. Көбі қазір бар институттар сол ксінің арқасында ашылған. Солардың ішіндегі біреуі – геология институты.

Қаныштың дарынын алғаш байқаған Әлімханов Ермеков еді. Белін буды, жетеледі. Сөйтіп, тарлан тұлғаның қалыптасуына ықпал етті. Алаш арыстарынан құнарланған Қаныш кейін тас жара білді. Оның Әуезовпен сырлас әрі сыйлас дос болғаны көп айтыла бермейді.

Мұрат Жұрынов, ҚР Ғылым академиясының президенті:

- Олардың қарым-қатынасы өмірлерінің соңына дейін өте жақсы болды. Жаңа айттым ғой, дау тарихтан шықты деп. Сонда 100-ге жуық тарихшыны жұмыстан шығарып жіберді партия. Сол кезде Мұхтар Әуезов те жұмыстан шығып қалды. Кейін екеуі де Мәскеуге барып сабақ берді. Өйткені екеуіне де мына жерде жұмыс істеуіне тыныштық бермеді. Арыз жазушылардан қашып құтылуға тура келді.

Қаныш Сәтбаев қазақ ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Қазіргі танымал академиктердің дені осы кісінің шекпенінен шыққан. Геологтар мектебінің негізін қалады, алғашқы «Алгебра» оқулығын әзірлеген де сол кісі. Қазақ халқы үшін ерінбек еңбек еткен арда азаттың есімі еш уақытта ұмытылмақ емес.

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы